Әйелдер қай салада да белсенді

0 14

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның қатысуымен «Әйелдердің ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосар үлесі» атты ауыл әйелдерінің форум өтті. Форумды Майра Арпақызы өзі ашып, жүргізіп отырды. Форум жұмысында алдымен облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол өз кезегінде форумның басты мақсаты — ауыл әйелдерінің қол жеткізген жетістіктерін көрсету, бөлісу, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту екенін айтты.

 

» Қазақтың әрбір қыз-келіншегі бүгінгі заманның ағымымен қызмет етіп, отбасының, бүкіл бір елдің ұйытқысы болуы тиіс деп ойлаймын. Қала мен дала арасындағы байланысты жалғауымыз керек. Тәрбиенің қайнары, ұлттық руxымыз әуелі ауылдан бастау алады. Соны насиxаттап, соны көрсетуіміз қажет! Бүгінгі күнде Жамбыл облысында 1 149 914 халық болса, оның 689 739-і ауылда тұрады. Оның ішінде 339 769-і әйелдер (49 пайыз). Олардың бір парасы әлеуметтік салаларда, шағын және орта кәсіпте, қызметтің түрлі салаларында еңбек етуде», — деді әкімдік өкілі.

Мұнан соң еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау вице –минсистрі Олжас Ордабаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті қаржылай қолдау департаментінің басшысы Мерей Исаев, Ауыл шаруашылығы минситрлігінің жауапты өкілі Бағлан Аймырзаев сөйлеп, республика көлемінде әйелдерге, оның ішінде белсенді топтарға жасалып жатқан көмек пен қолдауларды атап өтті. Ол қолдаудың шапағатын жамбылдық нәзік жандылар да көріп жатыр.

Сондай-ақ, ірі кәсіпорын басшысы Александр Акирман, Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалмаханов сөз сөйлеп, өздері қызмет ететін аймақтағы әйел қауымының жағдайын, ауыл шаруашылығы саласын өрге сүйреп жүрген нәзік жандылар жөнінде баяндап, бірқатар мәселелер жөнінде ойларын ортаға салды. Содан соң алматылық «Кәусар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найля Үмбетова, Түркістан облысы, «Олжас-Б» шаруа қожалығының төрайымы Набаткүл Байтанаева, жамбылдық кәсіпкер Назгүл Нәсиева, қызылордалық өкіл Гүлсім Дәрібаева да өз ойларын ортаға салып, әйелдер барлық салада да белсенді бола алатынына тоқталды. Мұнан соң бірқатар ірі кәсіпорын басшалары сөйлеп, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуы, оған әйелдердің қосып жатқан үлесіне тоқталды. Форумда ауылдан келген белсенді әйелдерде сөз алды. Ойларын айтты.
Жиынды Майра Арапқызы қорытындылап, форум жұмысы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына айтарлықтай серпін беретініне сенім білдірді. «Бұл әйелдердің әлеуметтік мәртебесін жақсартады.
Жалпы айтқанда қазіргі таңда кез-келген салада нәзік жандыларымыз белсене жұмыс жасап, қоғамның өсуіне, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес қазақ қоғамы бұрыннан әйел затына, анаға зор құрметпен қарайды, оларды қадірлеп-қастерлейді.
Ауыл – халқымыздың бірлігі мен рухани байлығының, мәдениетінің қайнар көзі. Сондықтан ауылды дамыту — бізге басты міндет.
Ауылдағы әйелдер қауымы біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналып келеді. Кәсіби кемелдіктің, жауапкершілік пен табандылықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан әйелдер қауымына қолдау әрқашан жоғары болмақ. Еңбектеріңіз қашанда жемісті болсын», -деді. Форум осылайша өз жұмысын сәтті аяқтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.