«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы жұмысшы топ өкілдері «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді, -деп жазады «ZhambylNews» АА.
«AMANAT» партиясы жұмысын жаңғырту мақсатында түрлі шараларды іске асырып келеді. Олардың қатарында «Кедергісіз келешек» деп аталатын партиялық жоба да бар.
Негізгі мақсаты – мемлекетіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін еліміз кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Жалпы айтқанда, мұндай тұлғалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек.
Осы орайда, партия облыстық филиалы жанындағы жұмысшы топ өкілдері «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Топ өкілдері алдымен облыстық сот ғимаратына барып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа емін- еркін кіріп шығуы үшін пандус жолдарына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, арнайы аяқпен немесе таяқпен сезілетін тактильді рельефті бағыттаушы жолақтар, көзі көрмейтін (зағип) жандарға арналған оқу тақталары, автотұрақтағы сары бояумен сызылған арнайы орын, ғимарат ішіндегі санитарлық-тұрмыстық орын және пандустағы дабыл түймесі назарға алынды.
Бұл жұмыстар облыс орталығындағы «КМФ банк», «Отбасы банк», 2-ші қалалық емхана, «Болашақ» колледжінде де жалғасты.
Айта кетерлік жайт, зерделеу жұмыстары жүргізілген нысандардың басым бөлігі талапқа сай жабдықталған. Бұл «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының нәтижесі.
Жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған. Ол нысандардың барлығы партия назарында болады.