Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№58 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесінде 2023 жылдың 7 маусымында мекемедегі сотталғандар арасында Абайдың қара сөздеріне арналған іс-шара ұйымдастырылды.
Сотталғандар арасындағы әр ұлт өкілі өз тілінде Абайдың қара сөздерін оқып, мән-мағынасын ашып, ойшыл ғұламаның сөздерінен ғибратты ой түйіндетті. Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылғаны баршамызға мәлім. Осы орайда мекемеде жазасын өтеп жатқан әр ұлт өкілдері де осал қалмай, іс-шараға өз үлестерін қосты. Осы іс-шараның негізгі мақсаты Абайдың қара сөздерінің түйіні арқылы сотталған азаматтардың өмірге деген көзқарасын өзгерту, өткен өмірінен сабақ алу болып табылады.
Әдетте, адам ауызекі тілде өлеңді емес қара сөзді пайдаланады. Абай бұл жөнінде: «Қазаққа қара сөзге дес бермедім»- деп қара сөзді шешендік өнер мәнінде айтқаны баршаға мәлім. Абайдың қара сөздерінің ұрпақ тәрбиесінде ғана емес өмір жолында жолдан тайған сотталған азаматтардың түзелуінде алар орны ерекше. Бастан өткерген, өмірден көрген-түйгенін қағазға түсірген дана Абайдың қара сөздері сотталғандардың дұрыс өмір сүрудегі бағдаршамы болуы мүмкін десек те, артық айтқандық болмас. Себебі, Абайдың қара сөздері дүниетанымдылық ұғымда тек бір халықтың, не ұлттың еншісіне қатысты мәселелерді айтумен шектелмеген, онда адамзат тарихы барысында сан заман ғұламаларын толғандырып келе жатқан мәселелерге талдау жасалған. Сондықтан Абайдың қара сөздері әлемдік өркениетте өз орны бар келелі мәдени мұра.
ҚР ІІМ ҚАЖК «№58 мекеме» РММ
САӘПТЖБ аға инспектор-психологы
әділет капитаны
Оспаналиева Рита Садуакасовна