«АMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихаттың депутаты Жүнісова Фарида Амансарықызы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Қабылдауға келген қала тұрғындары түрлі мәселелермен келді.
Бірінші келген тұрғын тұрмыс жағдайының төмендігін айтып, жаңа оқу жылының басталуына орай, балаларын мектеп формасымен қамтамасыз етуге көмек сұрады. Мәслихат депутаты өтініш иесінің мәселесі бойынша заң аясында түсініктеме беріп, «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында өз атынан демеушілік білдіріп, бір реттік көмек көрсететінін жеткізілді.
Екінші тұрғын танысынан қарыз алып уақытылы қайтара алмаған. Қазіргі уақытта қарыз беруші өтініш иесін сотқа беріп, қарыз өндіруге шағым келтірген. Өтініш иесі қарызды бөліп төлегісі келетінін айтып, партияға заңгердің кеңесін алуға келген. Қала тұрғынына партия заңгерімен бірлесе құқықтық көмек көрсетілді.
Ал, үшінші тұрғын өзі жеке кәсіпкер, көп жылдан бері сырт елдерден тауар алып жүрген азамат. Алайда, соңғы жылы Қытай елінің азаматтарынан тауар алуға қомақты ақша аударып, алданып қалған. Алаяқтар ақшасын алғаннан кейін, іздерін жасырып кеткен. Кәсіпкер тиісті барлық құзырлы органдарға қайырылғанымен мәселесі әлі күнге шешілмеген. Керісінше шет елге заңсыз ақша шығарды деген күдікке ілініп, тағы айыппұл арқалаған. Шет елге зая кеткен ақшасын өндіру жолында жүрген кәсіпкер, заңның біраз осал тұсын байқап, мәслихат депутатына ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынысын білдірді.
Фарида Амансарықызы өтініш иесінің өтінішін өз бақылауына алып, барлық құжатымен танысып, өз құзіреті шегінде құзырлы огандарға депутаттық сауалын жолдайтынын жеткізді.