ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚЫРҒЫЗ ЭТНОСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІ МЕН РУХАНИ МӘДЕНИЕТІ» АТТЫ ӨНЕР ЖӘНЕ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КӨРМЕ ӨТТІ

0 3

2026 жылғы 23 ақпанда Достық үйі ғимаратында «Манас ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен «Қырғыз этносының қолөнері мен ұлттық этнографиясы» атты өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекциялар көрмесі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қырғыз халқының мәдениетімен, тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен, халық шығармашылығы және салт-дәстүрлерімен көпшілік қауымды кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және этнографиялық мұраны сақтау мәселесіне назар аудару болды.
Көрменің ашылу рәсімінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева сөз сөйлеп, көрмені ұйымдастыруға және экспонаттарды жинақтауға белсенді атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, бірқатар қатысушыларды марапаттады.
Сондай-ақ іс-шара барысында Жанұзақ Бейсеубаев пен бірлестік төрағасы Абзалбек Мендібаев құттықтау сөз сөйлеп, мұндай мәдени бастамалардың ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл филиалының төрағасы Фарида Нақыш және «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасы Асабали Поилиев ізгі тілектерін білдірді.
Көрме аясында келушілер қырғыз халқының ұлттық киім үлгілерімен, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен, тұрмыстық этнографиялық заттарымен, ұлттық тағамдарымен және Қырғызстаннан әкелінген өнімдермен танысты. Сонымен қатар «Бесікке салу», «Қыз ұзату» секілді дәстүрлік рәсімдердің көріністері ұсынылды. Әр бөлім бойынша қысқаша мазмұнды түсіндірме беріліп, бұйымдардың тарихи-танымдық мәні баяндалды.
Іс-шараның мәдени бағдарламасы аясында «Манас» жыры жырынан үзінді оқылып, қырғыз күйі орындалды. «Айқомыз» биі ұсынылып, Мұрат Жұмабековтың орындауында «Қырғыз жері» әні шырқалды.
Аталған көрме ұлттық мәдени байлықты насихаттаумен қатар, этнографиялық құндылықтарды сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айқындай түсті. Көрмеде ұсынылған әрбір бұйым қырғыз халқының рухани мұрасы мен тарихи сабақтастығын айшықтайтын құнды жәдігер ретінде көпшілік назарына ұсынылды.

Элизат Қонысбай, «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің жетекші-сарапшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.