Кенен ауылы қашанда жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, үнемі ауылдық округтер ішінде дараланып тұруға бейім мекен. Үш мыңға жуық халқы бар ауылда ауызбіршілік деген ұстаным тамаша жолға қойылған. Оны кенендіктер әрдайым дәлелдеп те келеді. Соның бір көрінісі жақында ауылдық мешіт жанынан жаңа асхана бой көтерді.
Құдай тамақ, ас, шағын жиындар өткізу үшін енді ауылдағы ағайын тойханалар есігін қақпайды, оны сол асханада өткізуге толық мүмкіндік бар. Құрылысына қажетті қаржыны ауыл халқы өзі жинаған. Осы орайда ауылдың белсенді азаматтары бас көтеріп, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» атты қағиданы ұстана отырып, асхана салуға жалпыны жұмылдырады. Нәтижесінде Кенен ауылында 1970-2000 жылдар аралығында өмірге келген жандар жыл-жыл болып бірігіп, қаржы шығарып, қажетті құрылысшыларды тартып, жұмысты жандандыра түскен. Нәтижесі де көп күттірмеді. Осында айта кетерлігі, Кенен ауылдық мешіті жанындағы асхана құрылысын жүргізу барысында мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер ерекше үлес қосқан. Қабырғасын көтеру сынды жұмыстарға мәселен, 1983 жылғы азаматтар көп көмегін тигізіпті. Ауылдың жастары, белсенді азаматтары болып 1 жылдың ішінде төбесін жауып, есік-терезесін салып, сылап, көпшілік қабылдауға дайын қылып шығарған. Қажетті ыдыс-аяғымен де қамтамасыз етіліпті. Ал, жақында асхана газға жалғаныпты. Бұл да ауыл азаматтарының ісі.
Құрылыс демекші, ауылдағы №42 Е.Қашағанов атындағы орта мектеп жанында қазір балалар алаңшасы ашылған. Оның құрылысына аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Енді ауыл балақайларының ойнайтын өз алаңшалары бар. Ал, одан бірнеше метр жерде шағын футбол алаңшасы ауыл футболшыларының шынығуына сеп болуда.
Округ әкімдігі мамандарының айтуынша, жақында ауыл көшелеріне жаңа жол белгілері мен жол кедергілері орнатылған. Бұл барлық көшесі толықтай асфальт Кенен ауылында жол қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара екені анық.