Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында полиция қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды.
Шағын аудандар мен жеке сектор тұрғындарымен тәртіп сақшылары 500-ден астам кездесу өткізді, 381 мектепте «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Аталмыш іс-шарада полиция қызметкерлері осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік пен әкімшілік жазалау шаралары туралы ескертті.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар бірнеше кезеңде жүргізілді: бұзушылықтың алдын алу және анықтау.
Полиция қызметкерлері жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 1000-нан астам азаматты, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзғаны, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бүлдіргені үшін 4510 адамды жауапқа тартты. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 10 245 300 теңгені құрады.
— Айыппұлдар мен әкімшілік жазалар құқық бұзушыларға әсер етудің тиімді шараларының бірі екені сөзсіз. Десек те, өкінішке орай, жауапқа тарту шаралары мәселені шеше алмайды. Экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан қалыптастыру қажет. Адамдар айыппұлдан қорыққаннан емес, өз қаласын жақсы көргендіктен қоршаған ортаны қоқыспен ластамауы керек. Балалар мен жастар арасында экологиялық білім беру деңгейін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізе отырып, болашақта экологиялық сауатты халыққа айналуымыз қажет, — деді Жамбыл облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин.
Бүгінгі таңда облыс аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің 40-қа жуық нүктесі анықталып, оларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындарға арнайы бөлінген орындарда ғана қалдықтарды шығаруды ескертеді. Сондай-ақ, темекі тұқылдарын автокөліктердің терезелерінен лақтыруға тыйым салынады, бұл бұзушылық үшін жүргізушілер Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен жауапқа тартылатын болады.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.