Бірлікті нығайтуға үлес қосып жүрген жандар марапатталды

0 3

1 мамыр күні еліміздің барлық өңірлерінде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Осы мерекеге орай, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов мерекелік қабылдау өткізді. Қабылдауда аудандағы этно – мәдени орталық жетекшілері мен мүшелері бас қосты.
«Бүгінде Қордай ауданында орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, әзербайжан сынды түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бауырластар аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Мұның бәрі халқымыздың берік достығы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбіршілігінің нақты нәтижесі. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қазақстандықтардың ынтымағын жарастырып, ырысын арттырсын. Баршаңыздың отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!», — деді Бақыт Оңласынұлы басқосуда.
Айта кетейік, мерекеге орай ұйымдастырлған шара жалғасып  ҚХА төрағасы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» РҚБ аудандық филиалының төрайымы Камиля Дургалова, аудандық «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығының мүшесі Баян Қарамолдаева, аудандық «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Владимир Подшибякин, аудандық «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығының мүшесі Сәрсебек Салыбаев, «Вайнах» қазақстандық шешендер мен ингуштар қауымдастығы» ЗТБ мүшесі Эльсихан Хазбулатов, аудандық «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Харченко марапатталды. Сонымен қатар, «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалі «Қордай ауданының ұлттық-мәдени орталықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі жетекшісі Айнұр Әбіқаеваға, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Хаджибалла Абдоллаевқа, Масаншы ауылдық округінің тұрғыны Харки Мусаевқа табысталды.
Сонымен қатар, «Отечество»  славян этномәдени бірлестігі  төрайымы Любовь Харченконың айтуынша, Президенттің алғысы секілді мәртебелі марапаттардың барлығы елімізде этносаралық қатынастарды нығайтуға, қоғамдағы бірлікті сақтауға, септігін тигізеді.Айта кетейік, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Мерейлі мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.