САЛТАНАТТЫ ЖИЫН: Мектебім, саған мың алғыс!

0 4

Мектеп – мол қазынасы мөлдіреп жатқан, сол мөлдір әлемнен өзіне керек асыл мен жауһар секілді баға жетпес, «білім» деген байлықты алып, өміріңе нәр беретін алтын ұя. Жарқын шақтардың елесі қалар, ерке балалығыңның куәсі болар бірден-бір киелі мекен – мектептегі мерекеге орай, Байзақ ауданының 42 білім беру мекемелерінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін аталған шара биыл жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен есте қалды десек, артық айтқанымыз емес.
Биыл өткен салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде аудан әкімінің орынбасарлары, бірқатар бөлім, мекеме басшылары, ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелері, 10, 20 жылдық мектеп түлектері, ардагер ұстаздар, мектеп мұғалімдері және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Салтанатты шарада қонақтар білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға алғыстарын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Оларға еліміздің болашағы жарқын болуы үшін, оқу оқып, білім көкжиектерін кеңейтіп, ғылым жолында ізденіп, талмай талаптануларына ізгі тілектерін арнады.
Мерекелік жиын барысында ұстаздары шәкірттеріне жылы лебіздерін жеткізіп, түлектер мұғалімдеріне қимастықпен алғыс айтып, ән-жырларын арнады. Түлектердің «Мектеп вальсі» көрермендердің көңілінен шығып, жиналғандар бірін-бірі құттықтап, естелік суреттерге түсіп жатты.
11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттермен қоштасу мерекесі осылайша кеңінен аталып өтті. Мерекелік іс-шара кезінде түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналармен түсіндіру жұмыстары, мектептерде қатаң тәртіпте полиция және педагогтар тарапынан кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында аудан бойынша 965 оқушы мектеп бітіріп, олардың 821-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. Оның ішінде 43 оқушы “Алтын белгіге”, 61 оқушы “Үздік аттестатқа” үміткер атанды. Бұл ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.