Бүгін Көктал ауылында Әбу-Бәкір Сыддық мешіті ашылып, жергілікті халық қуанышқа кенелді. Игі шараға ортақтасқан Жамбыл облысының және орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Асқар Зәкіржанұлы көкталдықтарды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
Халықты имандылыққа ұйытып, бірлік пен ынтымаққа шақыратын мешіттің ашылуы құран оқуымен басталды. Ары қарай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, Көктал ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Досмахан Оразбаев бірлік пен ынтымақтың, кәсіпкер азаматтар мен тұрғындардың демеушілігімен бой көтерген мешіт өсіп келе жатқан жастарды отанды сүюге, имандылық пен жақсылыққа тәрбиелейтіндігін айтып, жиналғандарды қуанышымен құттықтады.
Игілікті істің басы-қасында жүрген Мейрамбек Серікбайұлы мен Болат Маратұлына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға қазақы дәстүрмен құрмет көрсетілді. Мешіт құрылысын басынан аяғына дейін жүргізген атпал азаматқа құрдастары автокөлік, ауылдастары ат мінгізді. Мешіт лентасы салтанатты түрде қиылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.
Озық сәулет үлгісімен көріктендірілген рухани ордада келуші жамағат үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа мешіт алты жүз адамға лайықталған. Ерлер және әйелдер залы бар. Жанында 300 орындық асханасы да бар. Өзінің бұрынғы атын сақтап қалған жаңа мешіт осылайша жамағатқа қайта есігін ашып отыр.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.