Басты мақсат– баланың қауіпсіздігі

0 2

Жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты артты­ру және есірткі заттарын тұтынудың алдын алу мақсатында Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің акт залында Талас ауданы прокуратурасының аға прокуроры Д.Құттыбаевтың, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық бойынша аға инспектор, полиция майоры М.Ахметовтың, полиция капитаны Қ.Махамбетовтың және колледж инспекторы полиция аға лейтенанты А.Құралбаевтың қатысуымен студенттерге және ата-аналар комитетінің өкілдеріне арнап, ақпараттық-түсіндіру дәрісі өткізілді.
Бөлім меңгерушісі, осы жолдардың авторы шараның тақырыбы ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен белгіленгендігін атап өтіп, әрі оның негізін осы бағыттағы қылмыстардың көбейуімен өрнектеді.
Прокурор Д.Құттыбаев жасөспірімдердің оңай және көп ақша табуға ұмтылысы көптеген жағдайда олардың тағдырына «балта шабатындығын» мәлімдеп, мәселенің мазмұнына үңілді. Әрі шараға қатысушылар назарына қысқа бейнероликті ұсынып, оған құқықтық тұрғыда түсініктеме берді. Бұл бағытта жазғы каникул кезеңінде әртүрлі әлеуметтік жүйедегі жастарға арналған жоғары жалақы ұсынатын жұмыстардан сақ болуды және заңды білмеу заңды жауаптылықтан босатпайтындығын ескертті.
Қ.Махамбетов халықтың әлеуметтік желідегі белсенділігі нәтижесінде интернет алаяқтықтың да «көк жиегі» кеңейгенін мәлімдеді. Соның ішінде, интернет көмегімен жұмыс істейтін, есеп беретін қызметкерлер жиі алаяқтардың құрбаны болып жатқандығын жасырмады. Сонымен қатар, бұл қылмыс түріндегі жәбірленуші тобының екінші бір категория­сы балалары әлеуметтік желіде ойын (фрифайер және т.б) ойнайтын ата-аналар екендігіне де тоқталып, алаяқтардың әрекетіне жан-жақты мінездеме берді. Өз баяндамасының соңында, кейінгі апталарда әр түрлі инвестициялық қорларға капитал салу туралы жалған жарнамаларға (пример-министр Бектеновтың, «Каспий» банк құрылтайшысы Ломтадзенің келбетін пайдалану арқылы) сену жарға жығатындығын ай­тып, мұндай қылмыс тү­рінің құрбаны болған жағдайда шұғыл аудандық полиция бөлі­міне шағымдануға кеңес берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.