Өнер мен руханият тоғысқан тағы бір тамаша кеш Саудакент ауылында өтті. Кештің негізгі мақсаты-жастарды мәдениетке, өнерге деген құрметке баулу, өткен дәуірдің өнерін насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Өткен күндерге деген сағыныш пен ұмытылмас естеліктерге толы ерекше шара-«РетроPARTY» кеші ауыл тұрғындары мен жастарына көтеріңкі көңіл күй мен рухани серпіліс сыйлады. Өткен күндердің сырын шерткен бұл кешке ауыл тұрғындары ретро стиліндегі киімдермен келіп, нағыз 80-90 жылдардағы көңіл-күйді қайта жаңғыртты.
Көңілді кешті «Жастар ресурстық орталығының» директоры М.Пірімбек сөз сөйлеп ашып, жастарды жазғы көңілді кештеріне белсене атсалысуға шақырды. Кештің сәнін келтірген сәттердің бірі-әнші М.Омаров әсем дауысымен ретро әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, А.Айтжан, А.Кеңесов мәнерлеп өлең оқып берсе, жас ақын А.Нұрмахан жастарға арнаған жүрекжарды өлеңін арнап, жастарды рухани байлыққа, өнерді құрметтеуге шақырды. Кеш барысында қатысушылар ретро стилінде киініп, өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы сәнді, ерекше киім үлгілерін көрсетіп, бір сәтке болса да уақыт шеңберінен шығарып, өткен дәуірге саяхат жасатты. Сонымен қатар, шара аясында жастар арасында ретро би жарысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Көрермендерге ретро-викториналар ұйымдастырылып, қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, белсенді атсалысып отырды.
Көңілді кеш соңында «Бұл кеш мені балалық шағыма қайта апарғандай болды. Әндер, киімдер, би-бәрі де сол кездердегідей әсер қалдырды. Жастарымызбен бірге осындай шараға қатысып, бұрынғы заманның рухын сезіну-үлкен бақыт. Осындай кештер жиі болса екен»,-деп ауыл тұрғындары өз ойларын жеткізді. Кеште ең үздік киім киген, ең ерекше би номинациясымен көзге түскен және өз өнерлерін көрсеткен жас қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл кеш-тек көңіл көтеру емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, мәдени мұрамызға деген құрметті арттырған ерекше шара болды.