Қазақстанның цифрлық дамуы мен Жамбыл облысының үлесі

0 11

Бүгінгі таңда жер бетіндегі әрбір мемлекет үшін озық тәжірибедегі жасанды интеллектіні дамыту – бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы болып отыр. Барлық дамыған мемлекеттер цифрлық технологияларды дамытып, экономиканың барлық салаларына енгізу арқылы өздерінің ішкі және сыртқы жалпы өнімін арттыру үстінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында еліміздің жасампаздығы мен жаһандық бәсекелестіктегі ролі, заманауи дамудың кешенді іргетасын қалау кеңінен талқыланып, жан-жақты қолдау тауып келеді. Сонымен қатар күні кеше Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына қатысты нақты мәселелерді жүйелеуімен және алдағы уақыттарды атқарылатын істерімізді жүзеге асыру жолдарын егжей-тегжейлі көрсетіп беруімен құнды болды.

Кез келген елдің нәтижелі мақсаттарға жетуі келер ұрпаққа берілетін сапалы білімнің деңгейіне байланысты екенін ескерсек, осы Жолдауда білім және ғылым саласына байланысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Инновациялық экожүйелерді сауатты пайдаға асыру және цифрлық сауаттылықты кезең-кезеңімен жетілдіру арқылы біз әлем сахнасында өзіміздің лайықты орнымызды нақтылай аламыз. Өз кезегінде мектептерде және орта кәсіптік білім бағдарламаларына жасанды интеллектіні енгізу – білім алушы мен білім берушінің сауаттылығын тиісті деңгейге көтеріп, ел игілігі үшін білімді мамандар дайындау ісі жандана түсетін еді.

Бұл процессті жаңалық деп қабылдамай, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгертетін стратегиялық басым бағыттарға айналдыруымыздың тиімді шешімі болуына ықпал етудің жолдарын қарастыруымыз қажет. Алдағы уақыттарда өзге елдермен жаңа инновациялық іскерлік байланыстарды еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру Қазақстанның болашақтағы әртарапты даму саясатына серпін беретіні анық. Өйткені осындай нақтылы айқындалған іс-әрекеттер мен үздік тәжірибелерді экономикамызға енгізу еліміздің жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыра түседі. Президент Жолдауындағы жасанды интеллектіні кеңінен қолданып, тәжірибеде жүзеге асыратын университеттерге көбірек дербестік беру мәселесі – еліміздің педагогтары мен ғалымдарын қуантатын жағдай. Оның үстіне ол өзінің оң нәтижесін беретіні даусыз.

Жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация бағытындағы елдік бастамалар өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде Жамбыл облысы да бұл үдерістен шет қалып отырған жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге шығару мақсатында бірқатар стратегиялық цифрлық жобалар қолға алынуда.

Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, IT және инженерлік бағытта мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Президент Жолдауында айтылған жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмалар өңір үшін де өзекті. Өйткені Жамбыл облысының экономикалық құрылымында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика және білім беру саласын цифрландыру арқылы айтарлықтай серпін беруге болады.

Облыс әкімдігі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін цифрлық платформаларды белсенді енгізіп жатыр. Мәселен, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында «Smart Taraz» цифрлық экожүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба қала инфрақұрылымын басқаруда жасанды интеллект элементтерін кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Көше қозғалысын реттеу, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау, коммуналдық қызмет көрсетуді цифрландыру сияқты бағыттар жаңа технологиялар арқылы жетілдіріліп келеді.

Білім беру саласында да айтарлықтай өзгерістер байқалады. Жамбыл облысындағы мектептерде робототехника кабинеттерінің саны жыл сайын артып, оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен жобалық мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасалуда. Сонымен қатар өңір педагогтары жасанды интеллект құралдарын сабақ процесінде қолдану бойынша арнайы курстардан өтіп, білім берудің жаңа әдістерін игеруде. Президент Жолдауында айтылғандай, болашақтың кілті – AI технологияларын ерте меңгерту болса, облыста жүргізіліп жатқан бұл шаралар оны жүзеге асырудың нақты қадамдары деуге болады.

Өнеркәсіп саласында да Жамбыл өңірі жаңа технологияларды енгізу бағытында белсенді. Фосфор және химия өнімдерін шығаратын кәсіпорындар өндіріс процестерін автоматтандыруға, экологиялық мониторинг жүйелерін цифрландыруға ден қойып отыр. Бұл бастамалар жасанды интеллект арқылы өндіріс үдерісін оңтайландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.

Облыста стартап мәдениетін қалыптастыру мақсатында жастарға арналған инновациялық жобалар қолдау тауып келеді. Тараз қаласында IT-мектеп, жастар технопаркі және цифрлық хабтарды дамыту бұқаралық кәсіпкерлікті күшейтіп, өңірдің талантты жастарына өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беруде.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар жасанды интеллектіне негізделген жаңа экономикалық модельге өтуге тың серпін бермек. Президент Жолдауында айтылған міндеттерді аймақтық деңгейде нақты жүзеге асыру – өңірдің келешек дамуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және жаңа технологияларды тиімді игеруге жол ашады.

Биылғы Жолдау – келешекте түбегейлі цифрлық жүйе мен жасанды интеллектінің қолданылу кеңістігін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің сапасын жақсартуға бастайтын сәтті қадам. Жолдауда межеленген маңызды стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға үлес қосу әрбір қазақстандықтың міндеті деп есептейміз, ал Жамбыл облысы бұл бағытта нақты үлгі көрсетіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.