Мәжіліс жаңа Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

0 2

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзіне қарағанда, Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді қарастырады.

Қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеу, тәуекел карталарын жасау, ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттауды қамтиды. Бұл жерде сейсмикалық микроаймақтарға бөлу ерекше маңызға ие. Оның карталары қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланылатын болады. Сондықтан, жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу стратегиялық маңызды қадам.

Бұдан бөлек, тағы бір өзекті мәселе ол – қазіргі аттестаттау тәртібі сарапшылар мен инженерлердің нақты біліктілік деңгейін толық әрі тиімді көрсете алмай отыр. Осыған байланысты негізгі халықаралық тәжірибені, соның ішінде Еуропа одағының озық тәжірибесіне сүйене отырып, құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарланған.

Мұнымен қоса, саладағы нормативтік базаны тұрақты түрде жаңартып, заманға бейімдеу мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде техникалық нормалау жүйесіне ерекше назар аударылды. Кодекс аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарланды. Ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісін өз қолына алады.

Бұл орган нормативтердің қалай қолданылып жатқанын бақылап, қажет болған жағдайда түсіндірме береді, жаңа технологиялар мен тәжірибелерді ескеріп, өзгерістер ұсынады.

Бұдан басқа, құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер, құрылыс материалдары сияқты бағыттар бойынша арнайы техникалық комитеттер құру ескерілген. Бұл комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады.

Жаңа Құрылыс кодексі аясында бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленді. Құрылыс сапасын қатаң қадағалау үшін бақылау органдарының қатысуымен құрылыс барысы «жоспарлы инспекциялау» арқылы басынан бастап, пайдалануға берілгенге дейін тексеріледі.

Министрдің айтуынша, енді профилактикалық бақылау қашықтан, яғни объектіге бармай-ақ жүргізілетін болады. Бұл үшін мемлекеттік органдардың деректері мен ақпараттық жүйелер пайдаланылады, қажет болған жағдайда дереу шара қабылданады. Сонымен қатар, әкімдіктердің жұмысына да бақылау артып, заң бұзуды алдын алу шаралары күшейтіледі.

— Құрылыс кодексі жобасында нысанды қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен төтенше жағдай органдарының міндетті түрде қатысуы қарастырылған. Олар нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы қорытынды береді. Жаңа заңнамалық өзгерістер құрылыс циклінің басынан аяғына дейін мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздеп отыр, — деді министр.

Кодексте Мемлекеттік ақпараттық мадельдер банкі функционалын кеңейту негізінде Бірыңғай құрылыс порталын құру көзделген, яғни құрылыс саласындағы барлық қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат Бақытжан Базарбек жаңа Құрылыс кодексінің жобасында адам қауіпсіздігі бірінші орында болатынын айтқан еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.