Қазақ тілінде алғаш жарық көрген жасанды интеллект туралы түпнұсқа еңбек

0 4

Қазақстанда жасанды интеллект тақырыбын қазақ тілінде кеңінен және түсінікті тілмен баяндайтын алғашқы түпнұсқа еңбек – «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітап жарық көрген болатын. Еңбектің авторы – жасанды интеллект және IT саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлы. Бұл кітап – бағдарламалауды білмейтін, бірақ AI мүмкіндіктерін зерттеп, күнделікті өмірінде қолданғысы келетін қазақтілді оқырмандарға арналып жазылған алғашқы басылымдардың бірі.

Бүгінде жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп, ақпарат алмасу мен өндірістен бастап, білім, денсаулық сақтау, құқық, шығармашылық, тіпті ауыл шаруашылығы мен журналистикаға дейінгі көптеген бағыттарға өзгеріс әкелуде. Алайда бұл тақырып қазақ оқырманы үшін әлі де болса түсініксіздеу, көбіне ағылшын немесе орыс тіліндегі терминдермен ғана шектеліп келеді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» – AI саласына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашатын тың еңбек.

Кітап алғаш рет 1000 дана таралыммен «Ai-Hub publishing» баспасынан басылып шыққан. Жобаны жүзеге асыруға сала мамандарынан бөлек, тілші-редакторлар, технология саласындағы зерттеушілер, ІТ мамандары жұмылған. Автордың айтуынша, кітапқа қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Сондықтан биылғы жылдың соңына дейін оны 25-30 мың дана көлемінде қайта басып шығару көзделіп отыр.

Кітаптың құрылымы бірнеше негізгі бөлімдерден тұрады. Алғашқы 100 бетінде оқырманға жасанды интеллект ұғымы, оның пайда болу тарихы, даму бағыттары, қоғамға әсері мен этикалық мәселелері туралы кеңінен ақпарат беріледі. Сонымен қатар, AI технологиясы арқылы тарайтын жалған ақпаратпен күрес жолдары, заңнамалық тұрғыдан қалай реттелуі тиіс екені жайында да нақты мысалдар мен пайымдар келтірілген. Кітап жасанды интеллекттің адамзат болашағына қалай ықпал ететіні туралы да салмақты ой қозғайды.

Кітаптың ерекшелігі – оның кейінгі 200 беті. Мұнда автор жасанды интеллектті қолдануға арналған нақты промпттар (яғни, тапсырма нұсқаулары) жинағын ұсынады. Бұл промпттар білім беру, медицина, туризм, ауыл шаруашылығы, медиа, құқық, бизнес, маркетинг, шығармашылық сияқты 27 сала бойынша берілген. Яғни, кітап теориялық түсініктен бөлек, AI-ды нақты қалай пайдалану керек екенін үйрететін практикалық құралға айналған.

«Жасанды интеллект жайлы ақпаратты көбіне ағылшын немесе орыс тілінен іздейміз. Ал қазақша іздегенде толыққанды, түсінікті ақпарат табу қиын. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді. Бұл еңбек – ғылыми мақала емес, ІТ мамандарына ғана арналған да емес. Бұл – кез келген қазақ оқырманына арналған, жеңіл, қызықты әрі пайдалы нұсқаулық», – дейді кітап авторы Мейіржан Әуелханұлы.

Оның айтуынша, кітапты жазуға екі жылға жуық уақыт кеткен. Бұл уақыт ішінде автор әлемдік сарапшылардың еңбектерін зерттеп, отандық және шетелдік тәжірибелерді саралаған. Сонымен бірге, қазақ тілінде AI терминдерін қалыптастыру, мағынасы дәл, қисынды болуын қамтамасыз ету бағытында редакциялық жұмысқа да ерекше мән берілген.

Кітаптың редакторы – белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері Қайнар Олжай. Ол бұл еңбектің тілі де, құрылымы да өте сауатты жазылғанын атап өтті. «Жасанды интеллект туралы бұл еңбек тек мазмұнымен емес, тілдік жағынан да құнды. Кітаптың алғашқы бөлімі қатесіз әрі көркем тілмен жазылған. Ал кейінгі бөлім – қазақша промпттар – тіпті ерекше еңбек. Себебі бұл бөлім жасанды интеллектті қазақша дұрыс түсіну мен дұрыс қолдануға мүмкіндік береді. Кітапты мыңдаған адам қолданса, AI қазақ тілін де үйреніп, меңгереді. Яғни, бұл еңбек қазақ тілі үшін де үлкен мүмкіндік», – дейді Қайнар Олжай.

Айта кету керек, қазақ тіліндегі бұл еңбек Орталық Азия кеңістігінде де алғаш рет жарық көріп отыр. Өзбекстан мен Қырғызстанның баспа өкілдері мен мамандары тарапынан кітапты өз тілдеріне аудару туралы ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Бұл – кітаптың сапасы мен мазмұнының жоғары екенінің тағы бір дәлелі.

«Ai-Hub publishing» баспасы бұл еңбекті жарыққа шығару арқылы тек бір кітаппен шектеліп қалмай, жасанды интеллектке байланысты әлемдік деңгейдегі еңбектерді қазақшаға аударуды қолға алмақ. Сонымен қатар, ІТ мен AI саласына қатысты оқушылар мен студенттерге арналған оқулықтар мен әдістемелер дайындау жұмыстары басталып кеткен. Баспаның алдағы жоспарында арнайы терминологиялық сөздік пен жасанды интеллектке арналған қазақша энциклопедия шығару да бар.

Жасанды интеллект – болашақтың емес, бүгіннің технологиясы. Ал оны игеру – тілге де, білімге де тікелей байланысты. «Жасанды интеллект әліппесі» кітабы қазақ тілінің цифрлық кеңістікте кеңінен қолданылуына, жастар мен кәсіпкерлердің, оқытушылар мен журналистердің, жалпы көпшілік қауымның заманауи технологияларды оңай әрі дұрыс меңгеруіне бағытталған. Бұл – тіл мен технологияны тоғыстырған алғашқы қадамдардың бірі. Ендеше, бұл еңбек – қазақ тіліндегі цифрлық ойлау мәдениетінің қалыптасуына жол ашатын маңызды басылымдардың бірі болары сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.