Т.Рысқұлов ауданында «Таза Қазақстан» акциясы жаңаша серпін алды

0 6

Елімізде кең көлемде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Т.Рысқұлов ауданында да жаңа форматта ұйымдастырылып, ерекше серпінмен өтуде. Бұл бастама тек қоршаған ортаны тазарту шарасы ғана емес, табиғатты аялау мен ел бірлігін нығайтуды мақсат етеді.

Акция аясындағы экологиялық эстафета ауданға қарасты ауылдарда кезекпен өтіп келеді. Бір апта бұрын Абай ауылында жалғасқан шара өткен сенбіде Жаңатұрмыс ауылында ұйымдастырылды. Игі іске ауылдық әкімдік қызметкерлері, шаруа қожалықтарының өкілдері, жергілікті қауымдастық мүшелері, ардагерлер, білім беру ұйымдарының ұжымдары мен ерікті жастар белсене қатысты.

Шара алдында ауыл қариялары қатысушыларға ақ батасын беріп, тазалық пен бірліктің маңыздылығын атап өтті. Акция барысында әуезді әндер шырқалып, ауыл өнерпаздары табиғатты қорғауға үндеу жасап, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.

Тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан тұрғындарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, жылы лебіздер айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ел ішінде ынтымақ пен жауапкершілікті арттыруға зор ықпал етеді.

Мектеп оқушылары мен жастар да игі іске атсалысып, ағаш егу мен қоқыс жинау жұмыстарына белсенді түрде қатысты. Олар тазалық мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдырудың маңызын атап өтті.

Сенбілік соңында Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары экологиялық эстафетаны Қарақыстақ ауылына жолдап, «Таза Қазақстан» акциясының жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.