Тұрғындар енді барлық коммуналдық қызметті бір жерден ала алады

0 2

Жамбылдық тұрғындар енді барлық коммуналдық қызмет түрлерін «SmartCity» концепциясы аясында іске асырылған «E-JAMBYL.KZ» платформасынан ала алады.  Бұл жоба жеке және заңды тұлғаларға «бір терезе» қағидаты бойынша коммуналдық қызметтер көрсету механизмін ұсынады. Нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 17 қызмет түрі біріктіріліп, қала әкімдігінің бөлімдерінде және табиғи монополиялар субъектілерінде қызмет көрсету процестері цифрландырылған.
Бүгінде e-jambyl.kz сайты жылдам, ыңғайлы әрі кезексіз қолжетімді. Енді Тараз қаласының тұрғындары 17 коммуналдық қызметті онлайн ала алады. Олардың ішінде:жылу,су, энергия,газ,қоқыс шығару қызметтері бар. Өңірлік геоақпараттық жүйені құрудың негізгі мақсаты – инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы қала тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарының қызметтерін алуын жеңілдету. Жобаның басты міндеттері қызметті автоматтандыру, тұрғындардың уақытын үнемдеу және бюрократиялық кедергілерді азайту, қағазбастылықты жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету. «E-JAMBYL.KZ» платформасы арқылы қызметтерді онлайн режимінде, кез келген уақытта және кез келген жерде алуға болады..
Сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға жеке шот ашу, келісімшарт жасау,тұрғындар санын өзгерту, меншік иесін қайта рәсімдеу қолжетімді. Жүйе арқылы тұрғындар кезек күтпей, уақыт жоғалтпай, барлық операцияларды тез әрі тиімді жүргізе алады. Өтініштер туралы ақпарат бір жерде қолжетімді, бұл құжаттарды жоғалту немесе басқа да түсініспеушіліктердің алдын алады.
– «E-JAMBYL.KZ» платформасының тағы бір бағыты – «Отбасы Банкі» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылатын «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында облыс жастарына жеңілдікпен несие беруді қарастырады. 2022 жылы 41, ал 2023 жылы 144 қатысушы баспаналы болды. 2024 жылдың 1 қазанынан бастап бағдарламаның үшінші кезеңі іске қосылды. Жер учаскелері бойынша тұрғындар үшін «Ашық карта» сервисі ұсынылған, онда 124 картографиялық қабат бар. Атап айтқанда, облыстың, елді мекендердің шекарасы, бос жер учаскелері, бас жоспарлар, қызыл сызықтар, функционалдық аймақтар және ғимараттар мен құрылыстар көрсетілген. Сайлау науқаны кезінде тұрғындар ЖСН енгізу арқылы өз сайлау учаскелерін анықтай алатын онлайн қызмет те іске асырылды. Бұл тұрғындарға сайлау процесіне қатысуды жеңілдетеді, – дейді облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Гүлпара Тәшенова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.