Қазақстанда алғаш рет баламалы энергия көздері бойынша халықаралық аукцион өтеді

0 1

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков Қазақстанда жаңартылған және баламалы энергия көздері бойынша халықаралық аукционның алғашқы сатылымы мамыр айында өткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған аукционға қатысуға Канада, АҚШ, Қытай сынды мемлекеттер ниет білдірген.

Брифинг барысында Ғани Сәдібеков Елбасы Жолдауындағы басымдықтардың бірі – жаңартылған энергия үлестерін арттыру, жасыл технологияларға көшу, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату екенін айта келе, бұл бағыт экологиялық кодексті өзектендіруге, экономикаға қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетінін жетізді.

Оның айтынша, 2017 жылы елімізде энергия көздерінің бес нысаны пайдалануға берілген. Ал биыл жалпы қуаты 123 мегаватты құрайтын 10 нысанды іске қосу көзделіп отыр. Осы орайда Ғани Сәдібеков баламалы энергия көздерін елімізде одан әрі дамыту үшін жаңа механизмдер қарастырылғанын жеткізді.

«Жаңартылатын энергия көздерінің одан әрі дамуын біз аукциондық механизмге көшуден көреміз. Бұл бір жағынан жобалар мен инвесторларды таңдауға, процессті ашық әрі түсінікті етуге, екінші жағынан жаңартылған энергия көздерін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе экономикалық тиімді жобаларды дамытуға серпін береді. Алдағы жылы алғаш рет жалпы қуаты 1 гигават құрайтын жаңартылатын энергия көздері жобаларына халықаралық аукциондық сатылымдар енгізу жоспарланып отыр. Бірінші сатылымдарды мамыр айында өткізу көзделген», — деді вице-министр.

Аукциондық сатылымдарды өткізу туралы мәлімет ресми интернет ресурстарында жарияланады. Іріктеудің шарттары барлық кәсіпкерлердің теңдігін сақтай отырып, қатысушылар үшін бірыңғай болады.

Сонымен қатар, ол аталған аукционға кез келген шетел азаматы қатыса алатынын жеткізді.

«Азаматтығына қарамастан аукционға кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Аукциондық сатылымдарға қатысуға отандық бизнестен басқа қазірдің өзінде Сауд Арабия, Канада, АҚШ, Қытай секілді елдердің шетел компаниялары ниет білдіріп отыр. Аукционды табысты өткізу арқылы біз екі мәселені шешеміз. Біріншіден, жаңартылатын энергия көздерінің құны мен еліміздің экономикасына ықпал ету деңгейін төмендетсек, екіншіден жаңартылатын энергия көздері саласындағы озық технологияларды тартамыз», — деп аяқтады ойын Сәдібеков.

Дереккөз: baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.