Қазақстандық ғалымдар мемлекеттік қорғаныс тапсырысмен жұмыс істеу мүмкіндігін алады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қорғаныс өнеркәсібі жене мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасын таныстырған еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру және орналастыру механизміне өзгерістер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қорғаныс тапсырыстарының бюджеті беріледі және ҚАӨМ Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін өнімдерді жеткізуде негізгі тапсырыс беруші болып айқындалады. Бұл әскери мақсаттағы өнімдерді министрлік қалыптастыратын қорғаныс-өнеркәсіп саясатының негізгі мақсаттарын ескере отырып сатып алуға мүмкіндік беріп, Қарулы күштерді өзіне тән емес қызметтерден босатады», — деді ол. Оның айтуынша, бүгінгі күні Төтенше жағдайлар комитетінің тапсырыстары қорғаныс тапсырыстарының қатарына кірмейді. Дегенмен барлық уақытта да Төтенше жағдайлар комитетінің мемлекеттік қорғаныс тапсырысына мұқтаждық туындап отыр. «Келешекте мемлекеттік материалдық қорға арналған өнімдерді сатып алуды электронды форматта Қаржы министрлігіне беру жоспарлаған. Аталған сатып алуларға Еуропалық экономикалық одақ елдерінің тауар өндірушілері де қатысуға мүмкіндік алады. Осыған байланысты қазақстандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік материалдық қорды қалыптастыру барысында отандық тауар өндірушілерді қорғау керек. Мұндай тәжірибе көрші елдерде бар. Оларда мемлекеттік материалдық қорды қалыптастыру мемлекеттік, жартылай мемлекеттік қорғаныс тапсырысы арқылы жүргізіледі»,- деді Бейбіт Атамқұлов.
Дереккөз: inform.kz