Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Атбасардың жылда су астында қалу проблемасын түбегейлі шешуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атбасардың жағдайы қалай болмақ? Не күтеміз? Үйінді топырақ суды ұстай ала ма? Жылда ақша бөлеміз. Бұрын ақша құмға кетті десек, енді суға кетіп жатыр. Тұрғындардың үндеуін оқыдым. Олар бізді жобалайтындығымызға, құрылғылар, дамбалар, топырақ үйінділерін салатындығымызға сенбейді де. Олар бәрібір суды ұстамайды, бәрін шайып кетіп, үйлер, оның ішінде білім беру нысандары судың астында қалады. Дамба салғанша су бармайтын басқа жерден үй салып беріңдер» дейді. Миллиардтаған қаржыны несіне жұмсап жатырсыз?», — деді Үкімет басшысы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинге қарата.
Өңір басшысы Премьердің сынымен толықтай келісетіндігін баса айтты.
«Бақытжан Әбдірұлы, бұл дұрыс пікір. 9 шақырымдық дамба салуға 10 млрд теңге қаржы кетеді. ал 1830 адам тұратын 530 үйді басқа жаққа көшіріп, үйлерді салуға 3-5 млрд теңге кетеді. Шығынның мөлшері төмен болады», — деді Мәлік Мырзалин.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев бір рет дұрыс шешім қабылдап, бұл мәселені түбегейлі жабу қажеттігін қатаң ескертті.
«Ауа-райы болжамы бойынша өңірде қардың мөлшері аз болады. Бірақ бізде қардың негізгі мөлшері ақпан айының соңы мен наурыз айының соңында жауады. Біз көктем ерте келеді деп жорамалдап отырмыз. Бірақ ол ұзаққа созылады. Бұл су тасқынының қаупін төмендетеді. Бақытжан Әбдірұлы, тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Ешкімге босаңсуға жол берген жоқпыз. Жабай өзені мен Атбасар қаласында су тасқыны болмас үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылы судың мөлшері өте жоғары болды. Бірақ осы жылы мұндай жағдай болмайтын шығар», — деді Мәлік Мырзалин.