Үш апта бұрын жоғалып кеткен студент Ербол Әбдіғали ешкімге айтпай, мал бағып кеткен. Іздеу жұмыстары туралы телеарнадан көрген шаруа қожалығының иесі полицияға хабар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ойыл ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжінде білім алып жүрген студенттің жоғалғанын білген ақтөбелік еріктілер бір апта бойы іздеу жұмыстарын жүргізді. Еріктілерді ұйымдастырушы Екатерина Голотинаның айтуынша, олар иісшіл иттердің де көмегіне жүгінген.
«Біз іздеп жүрген Ербол Әбдіғали мал бағып кеткен. Шаруа қожалығының иесі телеарна арқылы іздеу жарияланғанын көріп, полицияға хабар берді. Біз оны бір апта бойы іздедік. Халықаралық әйелдер күні де демалыс, мейрам болмады. Таңнан кешке дейін көшеде, далада, иесіз қалған ғимараттар мен жертөледе жүрдік. Еңбегіміз еш кетпеді. Биыл үш іздеу жұмыстарын жүргізген едік. Бәрі табылып, отбасымен қауышты»,- деді ерікті Екатерина Голотина.