Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Мемлекет басшысының алдағы уақыттағы жұмыс кестесі туралы айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жұмыс кестесі Елбасының қатысуымен өтетін сыртқы саяси оқиғаларға қатысты келіп жатқан сұрақтарға байланысты жарияланғаны хабарланып отыр.
13 наурызда Елбасы Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясының спикері Чон Се Гюнмен кездесу өткізеді.
14 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон ресми сапармен келеді. Ресми сапар барысында екі ел басшысы күн тәртібіне қойылған екіжақты аймақтық және халықаралық мәселелерді талқылайды.
15 наурызда Қазақстан Президенті Орта Азия елдері басшыларының кездесуіне қатысады. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары Орта Азияға ортақ Наурыз мейрамының қарсаңында кездесу өткізетіні атап өтерлік жайт.
Бұл шарада Түрікменстан атынан Меджлис төрағасы Акджа Нурбердыева қатысады. Сол күні Нұрсұлтан Назарбаевтың және Шавкат Мирзиеевтің қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылуы өтеді.
16 наурызда Елбасы Ресей, Түркия және Иранның үкімет басшыларымен кездеседі. Бұл Сирия бойынша Астана процесінің кепіл елдерінің министрлік кездесуі болмақ.