Түйе сүтінен балмұздақ өндірілмек

0 8

Маңғыстау облысында түйе сүтінен енді балмұздақ пен қуаттандыратын сусын дайындалады. Бұл өндіріске араб технологиясы қолданылмақ, деп 24.kz хабарлайды.

Облыс кәсіпкерлері сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі бойынша балық шаруашылығы, көкөніс қоймасы мен теңіз суын тұщытатын зауыт салуды көздеп отыр. Абу Дабиге жұмыс сапарымен барған маңғыстаулық делегация әмірліктің сауда-(өнеркәсіп палатасымен бірлесе жұмыс істеуге келісті.

Біріккен Араб Әмірліктері мен маңғыстаулық кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнады. «Каспий» әлеуметтік корпорациясы мен құрамында 17 мың өндіріс ошағы бар Абу Даби сауда-өнеркәсіп палатасы инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

Мұхаммед Әл Мұхайри, Абу Даби сауда өнеркәсіп палатасының бас директоры:

«Бүгін қол қойылған меморандум екі ел кәсіпкерлері үшін де тиімді болмақ. Болашақта бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақпыз. Біз мұнай-газ, шикізаттық емес саланы дамытуға, ақпараттық технология мен ауылшарашылық салаларындағы ортақ жобаларды қарастыруға дайынбыз,»- деді.

Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесіне сүйене отырып, Маңғыстауда бірқатар жобаны жүзеге асыру көзделуде. Озық технологиямен теңіз суын тұщытатын зауыт салынбақ. Тәулігіне 50 мың текше метр суды сүзетін кәсіпорын Құрық ауылында бой көтереді. Көкөніс сақтайтын қойманың құрылысына да араб технологиясы мен инвесторларын тарту жоспарлануда. Жобаның құны – 2 миллиард 700 миллион теңге.

Лесбек Ілебаев, «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

«Балық шаруашылығын өндіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған инвестиция құю мәселесі бойынша жоба тұр. Нақтырақ айтатын болсақ, 744 миллион теңгеге жуық инвестиция қажет. Осы балық өндіру бойынша, осы БАӘ озық технологиялары бар. Сол озық технологияларды қарастырып, инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіледі, — деді. 

Маңғыстаулық делегация Дубайдағы түйе сүтін өндіретін ірі зауыттың жұмысымен танысты. Мұнда ірі қараның сүтінен балмұздақ, ірімшік, шоколад пен түрлі сусындар дайындалып, әлемнің бірқатар еліне экспортталып жатыр. Қазақ іскерлері әмірліктің тәжірибесін пайдаланып, түйе сүтінен балмұздақ пен қуаттандыратын сусын өндірмекші. Жобаның құны – 210 миллион теңге. «Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Маңғыстауда мүмкіндік бар», – дейді өңір басшылары. Биыл аймақта мол сүт беретін аруана түйелері өсіріле бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.