Жұмыссыздарды қолдаудың жаңа жүйесі енгізілді

0 3

Жұмыссыз азаматтарды қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысқа орналасуы қиын адамдарға бағытталған шараларды күшейтуді қолға алды.

Осы мақсатта өңірлердегі мансап орталықтарының қызметі қайта құрылып жатыр. Енді басты назар өздігінен жұмыс табуы қиын азаматтардан құралған басым топқа аударылады.

Министрлік арнайы цифрлық жүйені іске қосып, әрбір үміткерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді. Бұл жүйе арқылы мансап орталықтары азаматтарға қандай қолдау көрсетілгенін толық қадағалай алады.

Еңбек нарығын саралау нәтижесінде 93,5 мың адамнан тұратын нысаналы топ анықталды. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері, еңбек тәжірибесі жоқ азаматтар, ұзақ уақыт жұмыс істемегендер және тек мектеп немесе техникалық-кәсіптік білімі бар тұлғалар бар.

Қазіргі таңда осы топтағы 39,8 мың адам ғана жұмыспен қамту шараларына тартылған. Осыған байланысты министрлік әрбір жұмыссыз азаматпен жеке жұмыс жүргізуді күшейтіп, оларды толық жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеуді тапсырды.

Ал жоғары білімі бар және жақында жұмыс істеген азаматтар бұл бағдарлама аясынан шығарылып, негізгі қолдау ең осал топтарға бағытталатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.