Кемероводағы өрт: 2 қызынан айырылған әке жабық кинозалдың ішінде не болғанын айтты

0 18

Ер адамның айтуынша, өрт шыққан кезде көрермендер басында көмек күтеді, бірақ кейін өздері залдан шықпақ болып, құлыпты жұлып алған.

Кемеровода «Зимняя вишня» сауда орталығында шыққан өрттен зардап шеккен 32 жастағы Михаил Трусов өрт кезінде сыртынан жабық тұрған кинозалда не болғанын айтып берді.

Қазіргі уақытта ол Кемерово облыстық клиникалық ауруханасында жатыр. Трагедия болған күні ер адам екі қызымен киноға мультфильм көруге барған. Әйелі үйде қалыпты. Ер адам аман қалғанымен, екі қызы өрттен қаза болды.

«Көрермендер залда отырғанда өрт басталды. Ішінде 30-40 адам болды», — деді Михаил Риа Новости ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Түтіннің иісін сезген адамдар есікті ашпақ болады. Бірақ ол сыртынан жабық тұрған. Өрттің шыққанын залдың ішіндегі адамдарға ешкім хабарламапты.

«Залдағы бүкіл адамдар көмек күтіп отырды. 15 минут күттік. Содан кейін өзіміз шығуымыз керек деп шештік», — деп есіне алды сол күнгі трагедияны тұрғын.

Залдағы адамдар қосалқы есіктің аузындағы құлыпты жұлып алған. Бірақ сыртта өрт лаулап жанып, қара түтін жайлаған екен. Михаил көмек шақыру үшін залдан шыққанымен, бірден есінен танып құлайды.

«Сол жерде есімнен танып жаттым, құдайға шүкір, мені біреулер тауып алды. Шамы жанып тұрған телефон менің басыма құлап, мені көріп қалған сияқты. Жедел жәрдем ішінде өліп кетемін деп ойладым. Тек ауруханада менің өкпемді тазалағаннан кейін дем ала бастадым», — дейді Михаил.

Оның топшылауынша, залдан басқа ешкім шыға алмады. Аурухананың бас дәрігері Андрей Иванов ер адамның жағдайы жақсарғанын айтты. Сондай-ақ оған психологиялық көмек көрсетілуде.

Барлығы Кемерово ауруханасында қазір 11 адам жатыр. Оның ішінде төртінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен жасөспірім бар. Сауда орталығындағы өрттен баланың ата-анасы мен қарындасы қаза тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.