2 сәуірден бастап республикадағы ірі сауда үйлеріне тексеру жүргізіледі

0 1

Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті еліміздегі ірі ойын-сауық кешендері мен сауда үйлеріндегі өрт қауіпсіздігінің сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Бұл жөнінде брифинг барысында ҚР ІІМ ТЖК Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің басшысы Рүстем Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазір біз прокуратураның тапсырмасы бойынша қаупі жоғары сауда орындарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу бойынша жүмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Тексеру жүргізу барысында ең бірінші өрт шыққан жағдайда адамдарды қауіпсіз эвакуациялар талаптарының сақталуына назар аударылады. Яғни, бұл эвакуациялау жолдарының болуы, есіктердің кілтсіз еркін ашылуы, эвакуациялауға арналған қосымша жолдарға нұсқаулар қойылуы. Екіншіден, өрт көзін жою және оның таралу жолдарын жою әдістеріне. Яғни, электр желілері мен жабдықтарының дұрыс монтаждалуы, олардың сенімділігін тексеру, жанғыш заттардың сақталу талаптары. Үшіншіден, өрт шыққаны туралы адамдарға хабарлау жүйелерінің болуы мен олардың дұрыс жұмыс жасауы. Міне, ең алдымен осыларға назар аударылады», — деді Ысқақов.

Сонымен қатар, тексеру барысында кешен қызметкерлерінің өрт шыққан жағдайда әрекет жасау дайындығына ерекше назар аударылып, олармен нұсқаулықтар жүргізілетінін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.