Ақтөбелік зергер Болат Атыраубаев ұлттық өнерді қайта жаңғыртуды қолға алған, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.
Шебер XVIII-XIX ғасырларда жасалған бұйымдарды зерттейді. «Технология дамып, құрал-саймандардың мүмкіндігі артқанына қарамастан, өткен ғасырлардағы зергерлердің туындыларын сол қалпында қайталау оңайға соқпайды», – дейді шебердің өзі. Көздің жауын алатын сәндік бұйымдарға сұраныс та бар. Өңірде қыз-келіншектерден құрылған «Шолпы» клубы да зергердің қолынан шыққан бұйымдарды тағып, ұлттық нақыштағы дүниелерге сән беріп жүр.
Өңірге танымал Болат Атыраубаев кезекті тапсырысқа шұғыл кіріскен. Шебер соңғы кездері ұлттық нақышта жасалған бұйымдарға сұраныс көп дейді. Әсіресе қыздар арасында шаштарына шолпы тағатындар қатары өсіп келеді. Күміске зерде салып, табиғи тастармен безендірілген өнер туындысы көптің көңілінен шығып отыр.
Болат Атыраубаев, зергер:
«Біріншіден, Елбасының бағдарламасы бар ғой. «Рухани жаңғыру» деген соның әсері де бір жағынан тиіп жатыр. Екіншіден, өзіміз, қарапайым халықтың өзі ұлттық өнерге, соның ішінде зергерлік өнер бар, басқа да өнер бар ұлттық сұраныс өте жоғары. Өзінің тарихын, өзінің мәдениетін сүйетін адамдар қазір көп.
Сәндік бұйымдар арасында ерекше орын алатын шолпының қайта жаңғыруын мамандар заңдылыққа балайды. Елдігіміз қайта оралып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіген сәттен қанымызға сіңген ұлттық бұйымдар да өз ортасын тапты. Ақтөбедегі мектеп оқушыларынан құралған «Шолпы» клубы да зергерлердің туындысын жеткіншектер арасында дәріптеп келеді.
Аружан Кеңесқызы, мектеп оқушысы:
«Көп ата-аналар жұмысқа ерте кетіп қалады. Сол себепті қыздар шаштарын өре алмайды. Кіші сыныптың қыздары. Сондықтан олар осы «Шолпы клубына» келеді, сосын осы үлкендер, біздер шаштарын өріп береміз. Және осы шолпыны тағамыз.
Осыдан алты жыл бұрын ақ жаулықты аналардың қолдауымен ашылған клубтың мүшелері Ақтөбенің өзінде бес мыңнан асады. Бірлестік бойжеткендер мен қыз-келіншектердің шашын безендіріп қана қоймай, тәрбие беруді де көздейді. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлтымыз болашақ ананы бүгіннен бастап ибалы, инабатты болып өсуіне ден қойған. Бұл орайда шолпының да алар орны зор. Шашына байланған күмістің сыңғырын естіртпеуге тырысқан қыз бала байыпты қозғалып, байқап басқан. Сәндік бұйымының тәрбиелік мәнімен қатар денсаулыққа да пайдасы зор көрінеді.
Алмагүл Сарыбай, «Шолпы» клубының жетекшісі:
«Шолпы таққан қыз бала өзін әдемі ұстауға тырысады. Өйткені кейбір мынау шолпылардың салмағы бұрынғы кездері үш келіге дейін жеткен екен. Ауыр шолпыны шашына таққан кезде қыздың мойны көтеріліп, өзінің денесін тік ұстап жүруіне әсер еткен».
Атадан қалған ізбен зергерлік өнерді қайта қолға алған Болат Атыраубаев ұлттық сәндік бұйымдардың болашағы әлі алда екеніне сенімді. Шебер қазіргі таңда XVIII-XIX ғасырларда жасалған бұйымдарды жинап, зерттеуге кіріскен. Болашақта ескі бұйымдарды қайта жаңғыртып, халық арасында дәріптеуді көздейді.