«Energy Taraz»: Жарық, инновация және жасыл экономикаға үлес

0 2

Қазіргі кезде табиғи ресурстарды сақтау мен қоршаған ортаны қорғау жаһандық деңгейдегі өзекті мәселеге айналды. Индустрияның дамуы мен урбанизацияның өсуі су, ауа және топырақтың ластануын күшейтіп, экологиялық тепе-теңдікке әсер етуде. Осыған байланысты 2013 жылы «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы қабылданып, энергия үнемдеу, парниктік газдарды азайту және экологиялық таза технологияларды енгізу негізгі бағыт ретінде белгіленді. Жамбыл облысында осы талаптарға сай жұмыс істейтін кәсіпорындардың бірі — «Energy Taraz» ЖШС.
Компания 2001 жылы Тараз қаласында кабель және өткізгіш өнімдер шығаратын шағын кәсіпорын ретінде құрылған. Кейін кәсіпорын кеңейіп, трансформаторлар, электротехникалық жабдықтар өндіруден бастап, люминесценттік шамдарды кәдеге жаратуға дейінгі жаңа бағыттарды игерді. 2011 жылы жарықдиодты шамдар шығару жолға қойылып, бұл компанияның дамуындағы жаңа кезең болды.
«Energy Taraz» ЖШС жарықдиодты және электротехникалық жабдықтардың 150-ден астам түрін шығарады. LED шамдар 20 жылға дейін қызмет етіп, 30 пайызға дейін энергия үнемдейді. Компания жыл сайын технологиялық желілерін жаңартып, өнімнің сапасын арттырып отырады. Қазіргі уақытта өндірістік, көше және кеңсе бағыттары бойынша 40-тан астам жаңа үлгілер ұсынылған.
2015 жылы негізін қалаушы Құрманәлі Баратовтың қайтыс болуы компания үшін ауыр кезең болды. Басшылықтың ауысуы мен қаржылық қиындықтар өндіріс көлемін қысқартты. 2020 жылы жаңа команда келіп, кәсіпорын толық қайта құрылымдаудан өтті. Жалақы өсіріліп, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау күшейтілді. Өндіріс қайта жанданып, өнім көлемі өсті. Компания өнімдері CT-KZ сертификаттарына ие болды.
2023 жылы «Energy Taraz» «Жылдың үздік тауары» марапатына ие болды. Компания халықаралық көрмелерге қатысып, өнімін Ресей, Түркия, Корея сынды елдерде таныстырды. Сонымен қатар электр энергиясын сату лицензиясын алып, қызмет бағытын кеңейтті.
Зауыттың жылдық қуаты — 100 мыңнан астам шам және 1000-ға дейін электр қосалқы станциясы. Жаңа технологиялар енгізудің арқасында жергілікті үлес деңгейі жарық шамдары бойынша 85 пайызға жетті. Өнімнің қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған. Соңғы жылдары кәсіпорын шағын сәулеттік нысандар — шам бағандары, балалар алаңдары, орындықтар және абаттандыру элементтерін шығаруды да қолға алды.
Бүгінде компания Алматы, Астана, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында филиалдары бар ірі өндірістік орталыққа айналды. «Самұрық-Қазына» қорының серіктесі ретінде елдің ірі нысандарына жабдық жеткізеді. Зауыттың 200-ден астам қызметкері бар, олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жұмыс орындары да қарастырылған.
Энергия тиімділігіне сұраныстың артуы «жасыл экономика» бағытын одан әрі нығайтып келеді. «Energy Taraz» сияқты кәсіпорындар Қазақстанда экологиялық таза өндіріс пен энергия үнемдеуге ықпал етіп, елдің тұрақты дамуына үлес қосуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.