6 сәуірде «Динамо» спорт кешенінде қазақ күресінен облыстық турнир ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткізілді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақ күресінен» халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Ринат Дүйсенов құқық қорғаушылардың өнерін тамашалады.
Спортшылар үш салмақ дәрежесі бойынша тартысқа түсіп, нәтижесінде 80 келі салмақта ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция лейтенанты Әлмұхан Орынбаев жеңіске жетсе, 90 келі салмақта полиция аға лейтенанты Бегімхан Әділбеков жеңімпаз атанды, ал 90+ келі салмақ дәрежесі бойынша полиция майоры Жалғас Бекмұратов 1-орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ең қызықты сәт – облыс бойынша «Полиция Барысы – 2018» иегерін анықтау кезеңінеде ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция аға лейтенанты Бегімхан Әділбеков қарсыластарына дес бермей, арнайы белбеуді жеңіп алды.
Жеңімпаз атанған спортшылар қазақ күресінен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі чемпионатына жолдама ұтып алды.