«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген құнды кітаптар Оңтүстік Қазақстан облысындағы ғалымдарға да оң әсер етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24 kz арнасына сілтеме жасап.
Оқымыстылар қазақ тілінде жарық көрген 100 оқулық білім беру саласына серпіліс алып келетінін айтады. Әрі жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауға ықпал етеді. Жобаның әуелгі мақсаты – гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең мықты 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік беру болатын. Әзірге елімізде,, 18 оқулық аударылып, жарыққа шықты. Олар экономика, философия, тарих, тіл білімі, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық салаларды қамтиды.
Үсен Асқаров, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің кафедра меңгерушісі:
«Жалпы елімізде 70 пайыздан астам студенттер ана тілінде яғни мемлекеттік тілде білім алады. Осы оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы біздерге үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Қазіргі шыққан «Экономист» деген кітап бұл экономикаға мемлекеттің немесе корпорациялардың көзімен емес, жеке тұтынушы адамның көзімен қарауға мүмкіндік беріп отыр».
Мархабат Байғұт, жазушы:
«Мұның басты ерекшелігі – тікелей сол тілдерден аударылғаны. Осы мәселеде біздегі ең жаңа бірегей жоба деуге болады. Бұрын бұл болмаған нәрсе. Себебі бұрын көркем әдебиет болсын, оқулық болсын барлығы орыс тілі арқылы аударылатын. Бұл енді тікелей аударылған соң, сапасы да, дәрежесі де өте жоғары болады».