2015 жылы БҰҰ 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) қабылдады. Осылайша әлем елдері алдағы 15 жылдың ішінде шұғыл түрде жаһандық проблемаларды шешуге кірісіп кетті. Қазақстан бұл бастамадан қалыс қалған жоқ, өзінің ұлттық мақсаттары мен міндеттерін айқындады. Ал оны орындауда жасанды интеллекті мен цифрлық технология қандай рөл атқарады? Kazinform тілшісі мемлекеттік органдардың атқарып жатқан және жоспарланған жұмыстарын негізге ала отырып тақырыпқа шолу ұсынады.
Орнықты даму саласындағы 17 мақсат пен 169 міндет барлық адамның құқығын қорғауға бағытталған және орнықты дамудың үш компонентінің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық. Бұл мақсаттар мен міндеттер ұлттық үкіметтерді адамзат пен ғаламшарға зор мән беретін әрекетке шақырады.
Жақында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы Ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында цифрлық өзгерістердің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге әсері туралы мәселелер талқыланды.
Цифрлық трансформация – бұл тек технологияларды енгізу емес, ол басқару мен дамуға деген жаңа көзқарас. Осы орайда әрбір министрлік өз саласы бойынша орнықты даму мақсаттарына жетуге нақты үлес қосып келеді. Атап айтқанда, цифрлық шешімдер Орнықты даму мақсаттарының барлық бағытында нақты ілгерілеуді қамтамасыз етіп жатыр.
Цифрландыру әлемдегі орнықты дамудың 70 пайызына ықпал етеді
— Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыруды міндет етіп жүктеді. Осыған байланысты Үкімет цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған Digital Qazaqstan біртұтас стратегиясын әзірлеп, оны жоспарлы түрде іске асыруға тиіс. Шын мәнінде, цифрландыру — сross-sector-лық процесс. Ол ең алдымен, елдің орнықты дамуының катализаторы және іргелі факторы екені анық. Цифрлық технологиялар — экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі. Цифрлық технологиялар инклюзивті білім беру мен сапалы денсаулық сақтауды айтарлықтай дамытуға да ықпал ете алатыны сөзсіз. Сондай-ақ гендерлік теңдікті, теңгерімді экономикалық өсуді және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін шараларды күшейтеді, — деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Осы орайда Сенат төрағасы цифрландыру қаржылық инклюзияны қамтамасыз етудегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтты. Осының бәрін ескеріп, сарапшылар цифрландыру әлемдегі орнықты даму мақсаттарының негізгі индикаторының 70 пайызына қол жеткізуге ықпал ететінін айтып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша еліміздегі орнықты даму мақсаттарының 93 пайызы электронды платформалар арқылы бақыланады.
— Жалпы, Қазақстанда ІТ-экожүйе халықаралық деңгейде дамып келе жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ, оған тоқмейілсуге болмайды. Цифрлық өзгеріс іс жүзінде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге өзінің тікелей үлесін қосуы керек. Сондықтан цифрлық шешімдерді олар нәтиже беретін, тиімділікті, ашықтықты және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыратын жерлерде пайдалану айрықша маңызға ие, — деді Сенат төрағасы.
Атап айтқанда, бұл салада тиімді құқықтық база қажет. Осы мақсатпен Парламент таяуда «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдады.
Ол жаңа технологияларды басқарудың және дамытудың заңнамалық базасын қалыптастыруға арналған. Сондай-ақ, Парламентте Цифрлық кодекстің жобасы белсенді талқыланып жатқанын атап өткен жөн. Бұл құжат — цифрлық құқықтық қатынастардың негізгі ережелерін белгілейтін алғашқы кешенді заңнамалық акті болады.
Цифрландыру – ОДМ-ға қол жеткізудің негізгі шартына айналды. Өйткені ол жаһандық мәселелерге жедел шешім қабылдауға, басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге және қызметтерге тең қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация – бұл тек технологияларды енгізу емес. Ол — мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді өзгерістер жиынтығы. Оған бизнес-процестерді қайта жобалау, цифрлық технологияларды енгізу және деректерді тиімді пайдалану кіреді.
— Қазір 72 мемлекеттік басқару саласын қамтитын және 10 орнықты даму мақсатына бағытталған 20 цифрлық трансформация картасы бекітілді. Қазір әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылардың балалары «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда шамамен 1,4 миллион бала осы мүмкіндікті пайдаланып отыр. Бұл шара Орнықты даму мақсатының 2-ші бағытына («Аштықты жою» мақсаты) тікелей ықпал етеді, себебі ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың осал топтарына нақты көмек көрсетеді. Агроөнеркәсіптік кешенде цифрландыру ОДМ-нің маңызды тетігіне айналды. Фермерлерге субсидия мен мемлекеттік қолдау алу бойынша кеңес беретін жасанды интеллект көмекшісі енгізіліп жатыр. Сонымен қатар «Электрондық агроөнеркәсіп кешені (е-АӨК)» экожүйесі құрылу үстінде, ол Smart Farming технологиясына негізделген. 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы жерлерінің кемінде 50%-ы цифрлық бақылауға алынады деп жоспарланып отыр. Бұл егін өнімділігін 20–25%-ға арттырып, құрғақшылық пен зиянкестерден болатын шығынды азайтады, — деді Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар, мал басының 90 пайызы RFID-белгілер мен жасанды интеллект арқылы таңбаланады. Бұл шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Демек, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру саланы жаңғыртудың ғана емес, аштықты жою және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту жөніндегі жаһандық мақсаттарға нақты үлесін қосады.
Сапалы білім – теңсіздікті азайтып, елдің орнықты дамуына жол ашатын негізгі фактор. Осы бағыттағы Цифрлық трансформация картасы аясында Оқу-ағарту министрлігі бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырып отыр. Мектептерде мұғалімдердің қағазбастылықтан босап, білім беруге көбірек көңіл бөлуі үшін жасанды интеллект негізіндегі көмекшілер енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, оқушылар мен педагогтердің «Цифрлық профильдерінің ұлттық жүйесі» құрылып жатыр. Бұл жүйе әр оқушының жеке оқу траекториясын қалыптастыруға және даму барысын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектісі бар цифрлық оқулықтар оқу материалын оқушының қабілетіне қарай бейімдейді. Жоғары жылдамдықтағы интернет пен компьютерлік жабдықтардың арқасында ауыл мектептері де қалалық мектептермен тең деңгейде цифрлық ресурстарға қол жеткізіп жатыр. Жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту үшін былтыр қазан айынан бастап «Tomorrow School» мектебі ашылды.
Бұл – Қазақстандағы алғашқы ЖИ мектебі, peer-to-peer қағидасына негізделген. Оқу мерзімі екі жыл, осы уақыт ішінде студенттер 50-ден астам жобаны орындап, 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгереді. Қазіргі таңда 268 адам негізгі оқу кезеңінен өтіп жатыр.
Бұдан бөлек, 12–18 жас аралығындағы оқушыларға арналған «TUMO креативті технологиялар орталығы» ашылады. Бағдарлама 11 бағытты қамтиды: генеративті жасанды интеллект, анимация, 3D модельдеу, робототехника және басқа да заманауи бағыттар.
Нәтижесінде алдағы жылдары 1 миллионнан астам адам жасанды интеллект дағдыларын меңгереді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан азаматтарға мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік мүмкіндіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық шешімдерді жүйелі түрде енгізіп келеді. Маңызды жобалардың бірі – «eGov AI». Бұл интеллектуалды көмекші азаматтарға мемлекеттік қызметтер, олардың көрсетілу тәртібі мен ережелері туралы жедел ақпарат алуға көмектеседі. Нәтижесінде, халық пен мемлекет арасындағы байланыс барынша жеңіл әрі түсінікті бола түсті.
Сонымен қатар, «Әкімдердің әлеуметтік мәселелер бойынша шешім қабылдау жүйесі» іске қосылды. Бұл жүйе БҰҰ әдістемесіне сәйкес жасалған және отбасылардың әл-ауқатын бағалайтын скорингілік модельге негізделген. Ол 20-дан астам дереккөзді пайдаланып, отбасыларды 5 әлеуметтік санатқа бөледі. Жасанды интеллектінің көмегімен шынайы мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтап, нақты көмек көрсетуге мүмкіндік туды.
— «Әлеуметтік әмиян» жобасы да осы бағытта үлкен серпіліс жасады. Ваучерлік жүйе арқылы «мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ беру», «дәрі-дәрмек алу», «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алу» сияқты проактивті мемлекеттік қызметтер автоматты түрде көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар «Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі талдамалық жүйе» іске қосылды. Бұл жүйе қазақстандық кәсіпорындарға кешенді қолдау көрсетіп, олардың тұрақты дамуы мен өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы цифрлық бастамалардың барлығы ОДМ 10 – «Теңсіздікті азайту» мақсатына нақты үлес қосуда және әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған, — дейді Үкімет басшысының орынбасары.
Бейбітшілік пен әділетті қоғам орнатуда, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруда заманауи технологиялардың рөлі ерекше. Атап айтқанда, жасанды интеллект құқықтық қызметтердің сапасын арттырып, құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдетуге және азаматтардың құқығын қорғауға көмектеседі. Осы бағытта министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп бірқатар жобаны іске асырып жатыр. Оның арасында «Құқықтық кеңес беру ЖИ-агенті» азаматтардың сұрақтарына нақты және жедел жауап беріп, құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетеді.
— Алдағы уақытта «Ұлттық бейнебақылау жүйесін» енгізу жоспарланған. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы қоғамдық орындарда тәулік бойы бейнебақылауды қамтамасыз етеді. Жүйе адамдардың бет-әлпетін, көлік нөмірлерін автоматты түрде таниды, күмән тудыратын жағдайларды – төбелес, адамдардың жиналуы немесе ұмыт қалған заттарды тіркейді. Осының арқасында қоғамдық қауіпсіздік деңгейі едәуір артып, құқық қорғау органдарының әрекет ету жылдамдығы күшейеді. Осы жобалар ОДМ 16 – «Бейбітшілік, әділет және тиімді институттар» мақсатына жетудің нақты тетігі саналады, — деді Жасанды интеллект министрі.
Климаттың өзгеруі технологиялық шешімдерді енгізуді қажет етеді. Осы тұрғыда экологиялық қатерлерді дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет ету үшін жасанды интеллекті ерекше рөл атқарады. Бүгінде бұл бағытта бірнеше заманауи шешімдер іске асырылып жатыр.
– «Қоқыс орындарын анықтайтын ЖИ-агент» – дрондардан, камералар мен спутниктерден алынған суреттерді талдап, заңсыз қоқыс үйінділерін автоматты түрде анықтайды, ластану көлемін бағалайды және тиісті қызметтерге хабар береді. Бұл шешім қоршаған ортаны тазалау үдерісін едәуір жеделдетті. Сонымен қатар, «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың ұлттық деректер банкі» – бұл табиғи ресурстар мен экожүйелердің жағдайын қамтитын геоақпараттық платформа. Онда орман қоры, жануарлар әлемі және экологиялық бақылау деректері біріктірілген. Ал «Орман өрттерін ерте анықтау автоматтандырылған жүйесі» – датчиктер мен спутниктік бейнелерден келіп түсетін ақпаратты нақты уақыт режимінде талдап, өрт ошақтарын автоматты түрде анықтайды. Жедел әрекет ету орман алқаптарының жойылуына жол бермей, табиғат пен климатқа келетін залалды айтарлықтай азайтады, — деді Жаслан Мәдиев.
Еске салсақ, биыл шілде айында Қазақстан БҰҰ штаб-пәтерінде Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумға қатысып, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру бойынша үшінші ерікті ұлттық шолуын таныстырды. Шолуды ҚР Экономикалық зерттеулер институты Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының көмегімен дайындаған.