Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік қызметкерлер де атсалысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің әр аймағында басқармалар мен мекемелер 90 мың түп тал егуді бастап кетті. Аталған іс-шараға мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен елорда әкімшілігі де белсенді қатысты. Олар Астанадағы бақтың біріне жас көшеттер отырғызды.
Саян Ахметжанов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері СЖҚІҚА аппарат жетекшісі:
— Тал егу, болашаққа көмектесу, өз қаласына, өз өміріне пайда әкелу деп бастап жатырмыз. Қазақстанда әкімшілік пен саяси мемлекеттік қызметшілердің саны 90 мыңнан астам. Сондықтан осы тал егу рәсімін ары қарай жалғастырып, 90 мыңға жуық ағаш егіледі.
Елордалықтар тал егумен қатар жалпықалалық сенбілікке шықты. Таңнан бері шаһардағы саябақтар мен аулаларда тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сенбілікте тұрғындар мен мемлекеттік қызметкерлер және қоғамдық ұйым өкілдері өздеріне тиесілі аумақтарды тазартты. «Астана — таза, қауіпсіз қала» акциясы 9-сәуірден 12-мамырға дейін жалғасады.
Қосман Айтмұхаметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
— Мен таңғы тоғыздан мынау аудандарды аралап қарасам, түгел қаланың көшелерінде парктарда, тұрғын үй аулаларында түгел жұмыс істеп жатыр. Біз бүгін 10 мың ағаш отырғызамыз. Біз басында санаған кезде 120 мың адам деп жоспарлағанбыз. Енді бүгін жалпы қарағанда одан көп деп ойлаймын.