Елімізде созылмалы бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан науқастарға тегін ем көрсетіледі

0 0

Биыл елімізде кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енген 1 900 қызметті бүгінде 602 жекеменшік медицина мекемесі көрсетіп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл – мемлекет есебінен халыққа қызмет ұсынатын емханалар мен клиникалардың 40 пайызына жуығы. Нәтижесінде ақысыз дәрігерлік жәрдем көрсететін ұйымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 170-ке артқан. Мәселен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан науқастар да гемодиализ процедурасын тегін алып келеді.

Елімізде жедел бүйрек жетіспеушілігі диагнозына шалдыққан 5,5 мың адам тіркелген. Астана қаласы бойынша созылмалы бүйрек дертіне қарсы 400-ге жуық науқас ем алып жатыр. Жыл санап олардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Бүйрек алмастыру терапиясын сапалы емдеу үшін Қазақстанда амбулаторлық гемодиализ орталықтары ашылған. Айта кетейік, гемодиализ – пациент үшін ағза трансплантациясына кезегі жеткенше бүйрек қызметін уақытша ауыстыратын емнің бір түрі.

Шолпан Мейрамқызы, нефролог-дәрігер:

– Науқастар емханаларда аптасына 3 рет тұрақты түрде кестеге сай қабылданады. Олар гемодиализ орталықтарына арнайы көлікпен жеткізіледі. Сол жерде тамақтанады. 3-4 сағат ем алған соң қайта үйлеріне жеткізіледі. Бүйрегі сыр берген азаматтардың осындай тегін көмекке мұқтаж екендігін көбіне өңірлердегі нефрологиялық комиссия шешіп, орталықтарға бағыттап отырады.

Бүйрек қызметінің бұзылуы – өте күрделі ауру. Гемодиализ орталықтарында ағзаның негізгі жүйесін ауыстыратын диализ жасалады. Яғни емделушінің қанын тазарту арқылы әлсіз бүйрек жұмысын гемодиализ құрылғысына қосады.

Құралай Молдамұрат, қала тұрғыны:

– Менікі тұқым қуалаушылық емес, автокөлік апатынан болған жағдай. Соның салдарынан 1,5 жылдай емделу барысында нәтижесі гемодиализге әкеп соқты. 2013 жылдан бастап 2014-тің 24 желтоқсанына дейін осы жасанды бүйрек аппаратына таңулы болдым. Өте ауыр процедура. Осының бәрі мемлекеттің көмегі арқылы болып жатқан жеңілдіктер.

Азаматтар дәрігерлік қызметті мемлекеттік тапсырысқа ие болған жекеменшік клиникаларда да алуға болатындығын көбіне біле бермейді. Кепілдендірілген көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсететін медицина мекемелерінің тізімін қордың www.fms.kz ресми сайтынан табуға болады.

Елена Куприч, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалының бөлім басшысы:

– Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында біздің қор Астана қаласы бойынша 5 жекеменшік ұйыммен келісімшарт жасасты. Оған сәйкес клиникалар емнің осы түрін азаматтарға тегін көрсетеді.

Осылайша, биылдан бастап емделуші азаматтар гемодиализ қызметін еліміздің 80 орталығында ала алады. Оның ішінде 74-і жекеменшік клиникалар.

Гемодиализ қызметі толық мемлекет тарапынан төленеді. Барлық науқас емді тегін алады. Бұл – үлкен мемлекеттік қамқорлық. Биыл осы мақсатта еліміз 345 500 гемодиализ қызметіне қаржы бөлді. Осы қызметтің жалпы сомасы 13 миллиард теңгені құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.