Таразда 2020 жылға дейін 3 білімгерлер жатақханасы салынады

0 4

2020 жылға дейін Таразда білім алып жатқан жастар үшін 3 бірдей жатақхана салынады,- деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.

Студенттер үйінің екеуі мемлекеттік, біреуі жекеменшік оқу орнына тиесілі болмақ. Алдыңғы екі ғимараттың құрылысын жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде жүзеге асырылады.

Индира Сардарова бала кезден туризм саласында еңбек етуді армандапты. Сол үшін былтыр шалғай ауданнан келіп, Тараздағы мемлекеттік университетке оқуға түскен. Қалада тұратын пәтері болмаған соң, Индира жатақханаға орналасуға өтініш білдірді. Алайда онда бос орын болмапты. Сондықтан қазір ол пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

Индира Сардарова, ТарМУ студенті:

«Ай сайынғы пәтерақым – 35 мың теңге, және күнделікті азық-түлік алуым керек, жолақым да бар. Оңай емес. Оның үстіне ақылы бөлімде оқимын, қосымша табысым да жоқ. Көмектесіп жатқан ата-анама рақмет. Егер жаңа жатақхана салатын болса, мен сияқты барлық студенттерге орын жетер еді. Мұндай кезек те болмас еді».

Ал екінші жыл жатақханада тұрып, мемлекеттік грантта оқитын Әйгерім Молдасан Индираға қарағанда, екі есе үнемдейді. Ол Алматыдан көшіп келіп, мұнай-газ мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Әйгерім Молдасан, ТарМУ студенті:

«Мұнда білім алуға барлық жағдай жасалған. Бізде компьютермен жабдықталған оқу залы бар, тегін Wi-Fi қызметін де пайдалануға мүмкіндік бар. Салауатты өмір салтын ұстану үшін теннис залы қарастырылған. Ай сайын 2,5 мың теңгеден төлейміз. Сонда жылына бар болғаны 25 мың теңгені құрайды».

Бүгінгі таңда Тараз мемлекеттік университетінде 2 жатақхана бар. Онда жалпы саны 580 студент баспанамен қамтылса, тағы 657 студент кезекте тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін оқу орны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тағы бір жатақхана салуды жоспарлап отыр.

Махметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры: 

«Жалпы университет 2019 жылы бюджеттен тыс қаражаттан жатахқананың жобалық құнының 50 пайызын бөлуге мүмкіншілігіміз бар. Елбасының да тапсырмасы сол, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде біз бұл істі іске асыруымыз керек. Енді екінші 50 пайызына инвестор қажет боп тұр. Осыған байланысты біз Жамбыл облысының әкіміне ресми ұсыныс жасадық».

Одан бөлек, шаһарда тағы екі жатақхана бой көтереді. Соның арқасында, 1300 білімгерді арзан жатын орынмен қамту көзделіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.