Ауыл жастарына ағылшын тілін үйрету үшін шетелден еріктілер келуі мүмкін

0 10

«Нұр Отан» партиясы ауыл жастарына ағылшын тілін үйрету үшін шетелден еріктілер тартуды жоспарлап отыр. Қазір партия шетелдік еріктілердің әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын пысықтауда, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Ауыл жастарының бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Ауылдарда ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік жасау – ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі болашақта ағылшын тілін білмейтін жас маманға жұмыс табу қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан да біз ауылды жерлерде ағылшын тілін үйрететін клубтар ашуды жоспарлап отырмыз», – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, партия жаңа бастаманы «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырмақ.

«Клубтарға ерікті ретінде 500-ден астам адам тартылады. Шетелден ағылшын тілінде сөйлейтін жастар мен Қазақстанда ағылшын тілін үйреніп жүрген студенттерді тартамыз. Олар балалармен кезең-кезеңмен жұмыс істеп, семинарлар өткізеді, сабақ береді. Еріктілер тегін жұмыс істейді. Оларды шетелден әкелу жолдары, басқа әлеуметтік мәселелерді қазір пысықтап жатырмыз», – деді Әшімбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.