Сарымолдаев атындағы Тараз балалар үйінің тәрбиеленушісі кішкентай Аркаша Овчинников пен оның достарының төбесі көкке жетті — олар өздерінің сүйікті әншісі Қайрат Нұртастың концертінде болып, тіпті онымен тілдесіп, бірге суретке түсті! Бұл туралы «Zhambylnews» ақпараттық агенттігіне Облыстық ІІД қызметкерлері баяндап берді.
Бұл таңғажайып оқиға қарапайым адами мейірімділіктен басталған болатын. Жамбыл облысы ІІД Анықтау басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Жарасхан Ақбердиевтің төрт баласы бар, сонымен қоса ол өзінің кішкентай достары, Сарымолдаев атындағы Тараз балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ұдайы барып тұрады. Мұнда ол жиі келеді: кейде қызметтес әріптестерімен барады, себебі ұзақ жылдардан бері облыстық Ішкі істер департаменті осы балалар үйін өз қамқорлығына алған, сондай-ақ тағы бір келу себебі – балалармен кездесу.
Бірде 10 жастағы Аркаша подполковник ағайына өзінің арманын — ең сүйікті әншісі Қайрат Нұртастың концертіне баруды армандайтынын айтты. Баланың оттай жанған көзқарасынан жалын көрген Жарасхан Ақбердиевтің түйгені: армандар міндетті түрде орындалуы керек.
Ұзақ ойланбастан, ол өз әріптестерімен осындай игі іске өзіндік үлес қосып, балалар үшін билет алу керектігі жайында ойымен бөліседі. Көптеген қызметтестер, соның ішінде Кадр жұмысы басқармасы, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, Анықтау басқармасы және басқалары бұл ұсынысты бірден қолдады. Нәтижесінде Сарымолдаев атындағы балалар үйінің ең белсенді әрі түрлі шығармашылық байқауларының жүлдегерлерінен құралған бір топ тәрбиеленуші қазақстандық эстрада жұлдызының өнерін тамашалауға келді.
Концерт барысында Балалар үйі директорының орынбасары Дариға Бекбауова сахнаға шығып, Қайрат Нұртасқа шығармашылық жолына жетістіктер тілеп, жылы лебізін білдіре отырып, балаларға осындай мүмкіндік сыйлаған полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Содан соң балалар сахнаға шығып, өздерінің сүйікті әншілерімен бетпе-бет жүздесті. Мұндай ерекше сәтті пайдаланған кішкентай Аркаша көптің алдында өнер көрсететін Қайрат Нұртасқа тіл-көзден сақтайтын тұмар сыйлады, тосын сыйлық әншіні ерекше толқытып, Аркашаға ол өзінің «KN» логотипті костюмін және барлық балаларға өзінің үнтаспасын сыйға тартты. Сондай-ақ, әнші Аркашаның сүйікті әнін бірге орындау туралы ұсынысын бірден қабылдап, екеуі «Өмір – ғажап» әнін орындап шықты.
Сонымен қатар, балалар үйінің басшылығы тыныштық сақшысы болған, таза да пәк жүректерге қуаныш сыйлаған полицейлерге тағы да алғысын айтып жатты. Мұндай игі шаралар алдағы да міндетті түрде жалғасын таппақ.