Оқудан шыққан 117 студент мәселесі: IELTS сертификатын сатқандар табылды

0 14

Астана полициясы «Астана» медицина университетінің 117 студентін оқудан шығаруға себеп болған жалған IELTS сертификаттарын сатқандарды анықтады, — деп хабарлайды  «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Астана ІІД Тергеу басқармасында «IELTS» халықаралық сертификаттарын қолдан жасау фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілер анықталып, оларға қатысты сертификаттарды сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу барысы ІІД басшылығының қадағалауында», — деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ, ІІД-де жалған сертификаттарды қолдану фактісі бойынша ҚР ҚК 385-бабы бойынша 27 қылмыстық істің сотқа жолданғаны атап өтілді. Сертификаттарды қолдану бойынша қалған жағдайлар өндірісте жатыр. Процессуалдық шешім қысқа мерзімде қабылданады.

Еске салайық, «Астана» медициналық университетінде дау шыққан болатын.  Мұнда магистратура, резидентура және докторантураға оқуға түсу кезінде қолдан жасалған IELTS сертификаттарын қолданғаны үшін 117 студент оқудан шығарылды. 

Кеше өткен баспасөз мәслихатында ЖОО ректоры Мәжит Шайдаров жалған сертификат ұсынғандардың тізімі жарияланатынын мәлім етті.

Сондай-ақ, оқудан шығарылған студенттер мемлекетке қанша ақша қайтаруы тиістігі атйылды. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім факультетінің деканы Ернар Тұрсынбеттің дерегінше, магистратура мен резидентура бойынша ай сайын 61 561 теңге шәкіртақы төленсе, докторантурада оқитын білім алушылар 81 998 теңге шәкіртақы алған. Мұнан бөлек, ай сайын оқуға магистратурада 61 мың теңге, резидентурада 67 мың теңге және докторантурада 120 мың теңге жұмсалған.

Мәлім болғандай, аталған 117 студент магистратура мен докторантураға қайтадан түсе алады. Бірақ ақылы негізде ғана.

Leave A Reply

Your email address will not be published.