Қазақстанда азаматтық хал актілері туралы анықтамалар мен куәліктерді (туу туралы, қайтыс болғаны туралы, некені тіркеу немесе ажырасу туралы, сондай-ақ аты-жөнін ауыстыру туралы куәліктер) қайта алу мерзімі 50-ден 15 жұмыс күніне дейін қысқартылмақ, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бұрын туу туралы куәлікті қайта алу үшін өзіңіз дүниеге келген қаланың ХҚО-сына өтініш берсеңіз, 5 жұмыс күні қажет болатын. Ал, егер сіз Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, Астанада тұрсаңыз, дайын құжатты 50 күнге дейін күтуіңізге тура келген», — деп жазды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, енді дайын құжатты 15 жұмыс күні ішінде алуға болады.
«Біз Әділет министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-дағы әріптестерімізбен бірлесіп, ХҚО Интеграцияланған ақпарттық жүйесі мен Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) ақпараттық жүйелерін біріктірдік. Осының арқасында куәліктерді немесе анықтамаларды қайта дайындауға берілген өтініш ХҚО-дан тууы тіркелген АХАТ бөліміне бірден түседі. Енді дайын құжатты 15 жұмыс күні ішінде алуға болады. Біз бұл мерзімді 5 жұмыс күніне қысқартқымыз келіп отыр. Бұл жаңашылдық Қазақстанның барлық аумағында енгізіледі», — деп түсіндірді мемлекеттік корпорация басшысы.
Былтыр қазақстандықтар азаматтық хал актілері туралы анықтамалар мен куәліктерді қайта алуға 328 239 өтініш берген.