Жамбылдықтар да бірлік мерекесін барлық сән-салтанатымен атап өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.
Көпшілік Тараздың орталығындағы «Достық» алаңына жиылып, мейрамның көрігін қыздырды. Жалпы, Әулие ата өңірінде 80-нен астам түрлі этнос өкілі тату-тәтті тіршілік етеді.
Тұяқбаевтар отбасының тарихы осыдан 50 жыл бұрын басталған. Осы уақыт ішінде бұл шаңырақ үлкен бір әулетке айналды. Отағасы Омарбек қария өзі қазақ, татарға күйеу және 5 ұлтпен құда. Ұлдары қазақ, қырғыз, өзбек, орыс, неміс ұлттарынан ұрпақ сүйіп отыр.
Омарбек Тұяқбаев, Шайқорық ауылының тұрғыны:
«Қуанамын, қуанбағанда қалай. Әркім өзінің қалаған теңін алды. Құдайға шүкір, жаман емеспін. Немере, шөбере бар, ешкімнен кем емеспін. Бұл ауызбіршілік, бірлік бар жерде тірлік бар, шырағым. Ынтымақ болса, бірлік болса, бәрі тату-тәтті болса, мен соған шүкір деймін».
Бүгінде Омарбек ақсақал мен Ақлима әженің 20 немересі, 8 шөбересі бар. Мерекені бірге қарсы алу үшін олар ауылдағы қара шаңыраққа жиналды. Ән айтып, би билеп, табиғат аясында демалып қайтпақшы.
Ақлима Тұяқбаева, Шайқорық ауылының тұрғыны:
«Келіндерге айтамыз, үлкен келді ме, шайыңды ғой, ашық жүзіңді көрсет. Шайды ойнап-күліп бер. Адам сонда келеді. Ал қара бетіңді көрсетсең, ешкім келмейді».
Онсыз да Тұяқбаевтар отбасының дастарқаны әр мерекеде жайнап тұрады. Абысын тату болса, ас көп қой қашан да. Ал түрлі ұлттан тұратын бұл үйдің келіндері қонақ күтуге келгенде тіптен пысық. Өзбек Шоира палау пісіреді, қырғыз қызы ет тартудың шебері, неміс пен орыс келіндер дастарқанды түрлі тәттімен толтырады.
Шоира Тұяқбаева, Тұяқбаевтар отбасының келіні:
«Қазақ келіні болсам да, бұл үйде салт-дәстүрімізді құрметтейді. Ұлттық тағамдарымды да істеймін, қазақша ұлттық тағамдарды да жақсы үйрендім. Басқа ұлтқа күйеуге шықтым деп өкінбеймін, қуанамын».
Омарбек ата бақытты отбасының негізі өзара сыйластық пен түсіністікте екенін айтады. Ұрпағына әрдайым бірлікте болуды айтып отырады. Сондықтан бұл отбасында ұрыс-керіс жоқ. Тұяқбаевтар осылайша түрлі этностардың бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуге болатындығын іспен дәлелдеп келеді.