Таразда «Әміре» фильмі жастарға тегін көрсетілді. Рухани жаңғыру аясындағы шараға облыстық жастар саясаты басқармасы ұйытқы болыпты, — деп хабарлады «Zhambylnews» AA Жамбыл арнасына сілтеме жасап.
Бұл фильм Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубевтың 130 жылдығына орай шыққан. 1925 жылы Парижде өткен бүкіл әлемдік музыкалық байқауда еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен отыз алты жастағы Әміре КСРО делегациясының арасынан топ жарып, күміс алқа иеленеді.
Аталған фильмді 500 — ге жуық тараз қаласының жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен жастар тамашалады. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өзге ұлт өкілдері де бар.
Картина Латвияның астанасы Ригада және Лос-Анджелес қаласында түсірілген. 88 минуттық бұл фильмде Әміренің өмірі мен өнерін ерекше өрнектеуге тырысқан. Кинода Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және тағы да басқа әндері орындалады.