Соғыс техникалары тарихтан сыр шертеді

0 5

Өскеменде осымен үшінші жыл қатарынан Жеңіс күніне орай соғыс техникаларының шеруі өтеді. Бастаманың авторы — «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы. Аталмыш кәсіпорынның қоймасында болып, соғыс техникаларының тарихымен танысып қайтқан ҚазАқпарат тілшісі мәлімдеді.

Қойманы кішігірім қару музейі десе де болады. Өз заманында жаудың құтын қашырып, ажал отын бүріккен техникалардың бүгінде көмейі бітеулі. Сондықтан, қойма қызметкерлері оларды «макет» деп атайды.  Биыл сол макеттердің қатарын Ресейден әкелінген бірнеше техника толықтырыпты.

Компания өкілі Дмитрий Добродеевтің айтуынша, қоймада  ұзын саны 25 соғыс техникасы сақтаулы. Олардың ең көне дегендеріне 90 жыл болған. Мысалы, биыл Ресейден аттай қалап алдырған ГАЗ-64 әскери техникасы 1930  жылы шығарылыпты.

«Мұндай екі кісілік машиналар соғыстың басынан бастап, соңына дейін қолданылған. Берлинге дейін жеткендері де бар. Біздің қолымыздағы техниканың кейбір бөлшектері ғана түпнұсқа. Қалған бөліктерін сол кезден қалған сызбалар негізінде қайта құрап шықтық» — дейді Дмитрий.

Биылғы шеруде соғыс жылдарында қоғамдық көліктің рөлін атқарған ГАЗ-0330 автобусы да жұрт назарына ұсынылмақ.

«Бұл шағын литражды автобус 1933-41 жылдар аралығында шығарылды. Оның негізінде ГАЗ-АА жүк көлігінің қаңқасы жатыр. Ал оның арғы тегін қопарсаң, Америкадан бір-ақ шығады. Ең қызығы, шанағы  мен едендері түгел ағаштан. Жүрген кезде ағаштардың шиқылдаған даусын естуге болады. Ағаш шанақ сыртынан қаңылтырмен қапталған. Шеруде осы автобусқа сол кездің дауыс зорайтқышын орнатып шығарамыз. Бұл көлік соғыстан кейінгі жылдары да маршруттық автобус қызметін атқарған» — дейді маман.

Ал 45 миллиметрлік танкіге қарсы зеңбірек 1943 жылға дейін кеңес әскерінің ең сенімді қаруы саналған екен. Қарсы жақтың кішігірім танкілерін бұйым құрлы көрмепті. Майдан даласына әйгілі «Тигр», «Пантера» танкілері келгеннен кейін жарамсыз болып қалған.  Зеңбірек Өскеменге Украинадан әкелінген екен. Соғыс көргенін бойындағы оқтан қалған тесіктер мен сызаттар дәлелдеп тұр.

Ал К-61 деп аталатын қару жер бауырлап ұшқан нысандарды аман жібермеген. Алғашында оны жүк көлігіне орнатқанымен, кейін шешіп алып, көпқабатты үйлердің шатырына қондырған. Осы арқылы стратегиялық маңызды нысандарды бомбалаушы ұшақтардан қорғауға тырысқан.

Дмитрий Добродеев соғыс жылдарында ең әмбебап көлік саналған ЗиС-5 жүк көлігінің орны ерекше болғанын айтады. Бір қызығы, аталмыш техниканың сызбасын кеңес барлаушылары америкалық «Автокар» зауытынан олжалаған екен.

«1930 жылы 3 тонналық жүк көліктерін құрастыру талабы туындайды. Өйткені, 1,5 тонналық көліктерге ауыр жүк артуға келмейтін. 3 тонналық жүк көлігінің үлгісін кеңес барлаушылары Германия мен Франциядан іздеп, қолға түсіре алмаған. АҚШ-қа ресми сапармен барған делегацияның келіссөздері де сәтсіз аяқталады. Есесіне барлаушылар сызба авторын тауып алады. Ал ол «Автокар» зауытының қожайындарына өкпелі болып шығады. Озық үлгідегі көліктің сызбасын дайындағаны үшін 25 мың доллар сыйақы сұраған шебердің талабы ескерусіз қалады. Өзін жұмыстан заңсыз қуылдым деп есептейтін шебер кеңес делегациясы берген 25 мың долларға бүкіл сызбаны сата салады. Осылайша, кез келген аязда оталатын, ең  сапасыз жанармаймен жүре беретін ЗиС-5 көлігі кеңес аумағында «дүниеге келеді». Ыстық күндері бензиннің орнына кәдімгі керосин құйып та жүре беретін болатын. 1938 жылы аталмыш көлік кеңестік жүйе атынан бүкіләлемдік көрмеге қатысып, үздік жүк көлігі атаныпты» — дейді Дмитрий.

1,5 тонналық ГАЗ-АА көлігінің де арғы тегі американдық болып шықты. Алғашқы нұсқаларында әйгілі «Форд-АА» көлігінің эмблемасы болған екен. Соғыстағы негізгі міндеті — әскер тасу. Қоймада мұндай көліктің екеуі тұр. Екеуі де Мәскеу түбіндегі батпақтан табылса керек. Бірінің қаңқасынан оқтың іздерін анық көруге болады.

«Сол кездегі көліктердің сыртқы бөлшектері бір-біріне оңай келетін. Бұл соғыс тұсында өте оңтайлы еді. Есігі мен мотор қақпағы, дөңгелегі мен шанақ тетіктері бір типте жасалды. Әсіресе ГАЗ маркалы көліктердің бөлшектерін алмастырып қолдана беруге болады», — дейді зауыт қызметкері.

1930 жылдары халықтың қорқынышты түсіне айналған «ГАЗ-М1» көлігінің бір нұсқасы сақталыпты. НКВД өкілдері мінген сұсты көлікті халық «құзғын» атап кеткені белгілі. Алаш арыстарын ажал апанына тасыған бұл «құзғынның» қаңқасы Алматының түбінен табылады.

«Бұл көлікпен НКВД қызметкерлері «халық жауларын» түнделетіп әкетіп отырған. Мұның әскери нұсқасына ГАЗ-6173 деген дербес атау берген. НКВД көліктерінен айырмашылығы сол атауында ғана. Дәл осындай көлікпен Жуков майдан даласын аралайтын болған. Сол кездегі ең жайлы көлік саналса керек», — дейді Дмитрий.

«БМ-13» немесе Катюша. Америкалық US-6 стюдибейкеріне орнатылған мұндай техника Қазақстан бойынша тек Өскеменде ғана қалыпты. Қозғалтқышынан бастап 6 вольттік сымдарына дейін түпнұсқа күйінде сақталған. Соған қарамастан, үстіне «БМ-13» қондырғысын артып, шеруге қатысып жүр. «Лэнд лиз» бағдарламасы жүзеге асып, Америка кеңес әскерін техникамен жабдықтағанға дейін «БМ-13» қондырғысы ЗиС-6 көлігіне орнатылған екен. Барлық кеңшарлар мен ұжымшарлардан қара жұмысқа жегілген ЗиС-6 көліктері алынған. Өйткені, дүркіндете ату қондырғысын көтеріп жүре алатын кеңестік жалғыз көлік сол болатын. Ал кейін олардың орнын «ЗИЛ» жүк көлігі біржола басқан.

Мұндағы БМ-2 танкісін сол кездегі жауынгерлер «екі адамдық бауырластар бейіті» атап кеткен. Қорғаныш қабаты өте әлсіз болғандықтан, неміс әскері оны оңай істен шығарып отырған. Дегенмен, осы БМ-2 танкілері соғыстың алғашқы жылдары кеңес армиясының басты арқа сүйер қаруының бірі болады. Германия әскері оларды алғашында бүлдірмей қолға түсіруге тырысқан. Алайда, оның мүмкіндіктерін көрген соң, ұрысқа қолданудан бас тартқан. Кеңес әскері оны шайқасқа пайдаланса, олар жүк сүйреу үшін қара жұмысқа қолданған.

«Танк экипажы екі адамнан тұратын. Механик-жүргізуші танктың тура ортасында, ал танк командирі оның үстінде отыратын. Ұңғыны оқтаушы да, бағыт сілтеуші де сол командир. Механик-жүргізушінің люгі танк ұңғысының тура астында орналасқан. Танк командиріне оқ тисе, ол ұңғы қозғалыссыз қалады, яғни механик кабинадан шыға алмайтын болған.  Бензинмен жанатын мотор жүргізушінің бүйірінде тұр. Жанармай құйылған бөтелкемен-ақ бұл танкіні экипажымен қоса істен шығаруға болады. Жеңілдігінің арқасында ол сағатына 60 шақырыммен жүрген. Жалғыз артықшылығы сол», -дейді Дмитрий.

Екінші дүниежүзілік соғыс қаруларын қалпына келтіру қазір Ресейде табысты бизнеске айналып отыр. Заңды түрде тіркеліп, арнайы айналысатын іздеу жасақтары жыл сайын көбеюде. Өскеменде шерулетіп жүрген көнекөз техниканың көбі сол жасақтардан қыруар ақшаға сатып алынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.