Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Көктерек орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің 165 гектар жері «Құлан-Көмір» ЖШС-не көмір кен орнын игеру үшін берілді.
2025 жылғы 28 қазандағы №901 қаулыға сәйкес, Мойынқұм ауданындағы бұл учаскелер орман қоры жерінен өнеркәсіп, көлік және байланыс, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығына жатпайтын мақсаттағы жерлер санатына ауыстырылды.
Жамбыл облысының әкіміне осы жерлерді заңнамаға сай «Құлан-Көмір» компаниясына беру тапсырылды. Компания орман шаруашылығына қатысы жоқ алқаптарды алу нәтижесінде келтірілген орман өндірісі шығындарын республикалық бюджетке өтейді.
Құжатқа қосымшаға сай, жалпы 165 гектар жердің 134,5 гектары – жайылым, 30,5 гектары – өзге жерлер. Аумағында орман алқабы жоқ.
Бұған дейін «Құлан-Көмір» ЖШС ресми өтінішінде 181 гектар жер сұраған болатын. Оның ішінде 17,5 гектар – тау-кен өндіру жұмыстарына, 163,5 гектар – көмір қоймасы, жолдар және өзге өндірістік нысандарға арналған.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Құжатқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.