Еліміздің халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлік жүргізу куәлігін ауыстыру рәсімі жеңілдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл іс былтырдан бері қолға алынған пилоттық жоба аясында жүзеге асып отыр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жүргізуші куәлігін қала шетінде орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана ауыстыру мүмкін болатын.
Өткен жылдың шілде айынан бастап қазақстандықтарға жүргізуші куәліктерін халыққа қызмет көрсету орталықтарында ауыстыруға мүмкіндік берілді. Жоба пилоттық негізде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қолға алынды. Яғни тұрғындар үшін шаһар шетіндегі мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті болмай қалды. Елорданың өзінде 5600 адам жаңа жоба игілігін көріп үлгерді.
Бауыржан Қожахметов, Алматы аудандық ХҚКО бөлім басшысы:
– Басында 5-10 адам келіп жүрсе, бірінші күндері қазіргі таңда 30-40 аралығында келеді. Бұның маңыздылығы мен қолайлылығы – қаланың ортасында орналасқандығы. Келген тұрғындар рақмет айтып жатады. Қаланың сыртына барудың қажеті жоқ, қаланың ішінде күнде сағат 9-10-ға дейін жүргізуші куәлігін ауыстыру немесе жоғалтып алу жағдайында келіп ауыстырып кетуге болады.
Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығы секілді Алматы қаласының Жетісу ауданындағы бұл мекеме де тұрғындарға жайлы жағдай жасады. Жоба қолға алынған уақыттан бері 2600 адам жүргізушін куәлігін ауыстырған. Ерекшелігі – оған қаладағы өзге ауданның да тұрғындары келіп, қажетті көмек ала алады.
Тимур Қоқамбеков, қалалық ХҚКО департаменті бөлім басшысының орынбасары:
– Бүгінгі таңда Алматының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы кез келген аймақ тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ол ақтөбелік немесе талдықорғандықтар болсын бізге келіп, жүргізуші куәлігін ауыстыра алады. Жалпы күніне 300 мыңға жуық қазақстандыққа осындай қызмет көрсетеміз.
Жалпы еліміздің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында автокөлікті тіркеу уақыты едәуір азайтып отыр. Себебі мамандар бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Мәселен, Павлодарда жыл басынан бері 23 мың көлік тіркеуге алынған. Аймаққа қарасты Ақсу қаласында бұл рәсіммен қоса жүргізуші куәлігі де беріледі.
Анатолий Стасью, қала тұрғыны:
– Бұрын таңертең ерте келіп, кезекке тұратынбыз. Көлігіңді тексеріп болғанша түс болады. Құжаттарыңды кешкі бестен кейін аласың. Өте ұзақ әрі қолайсыз еді. Қазір міне екі сағатта нөмірді де, техникалық құжаттарды да алып үлгердім.
Енді сала өкілдері тұрғындарға қажетті қызметтерді онлайн түрде алуға үйретпек. Себебі, алдағы уақытта eGov.kz порталының тиімділігі артуы тиіс. Мәселен, шілде айынан бастап электронды портал арқылы көлікті де тіркеуге мүмкіндік туады.