ҚР Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз «Интерфакс-Қазақстан» орталығында өткен баспасөз мәслихатында қасиетті Оразаның не себепті 17 мамырда басталатынын түсіндірді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Бас мүфтидің айтуынша, 16 мамырда кешке ниет етіліп, тарауық намаздары оқылады. Ал Ораза 17 мамырда басталады. «Рамазан айының басталуын нақты айта алу үшін бірінші — шариғаттың талабы, екінші — ілім керек. Бұл күн қазіргі заманауи астрофизикалық және басқа да астрономялық ғылыми негіздерге сүйене отырып бекітіледі. Осы негізде біз 2018 жылғы Рамазан айының алғашқы күні 17 мамыр болып бекітілгенін жариялаған болатынбыз. Өйткені, Пайғамбарымыздың хадисінде «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде оразаларыңды тоқтатыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толтырыңдар» деп айтылады. Бұл – шариғаттың талабы», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
Сондай-ақ, дінбасы биылғы пітір садақа мөлшеріне де тоқталды. Ғұламалар кеңесінің шешімімен, Рамазан айында берілетін пітір садақаның мөлшері 300 теңге көлемінде бекітілді. 14 маусым Рамазан айының соңғы күні болады, ал маусымның 11-нен 12 сіне қараған түн – Қадір түні.