Медициналық құжаттарды қолдан жасаған қылмыстық топ ұсталды

0 0

Астанада медициналық құжаттарды қолдан жасаған қылмыстық топтың құрамында 6 адам болған. Олар жоғары сапалы компьютерлік теxниканы қолданып келген, — деп xабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Шыңғыс Қабдоланың айтуынша, осыдан үш күн бұрын елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері медициналық құжаттарды қолдан жасаған қылмыстық топты құрықтады.

«Тінту кезінде 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманың 200-ден астам бланкілері, 190-ға жуық санитарлық кітапша, медициналық мекемелер мен дәрігерлердің 80-нен астам мөрлері, медициналық анализдердің нәтижелері, флюрографиялық суреттер, медициналық диагноздар жазылған кітапша және тағы басқа заттар тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — деді Ш.Қабдола Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, жалған медициналық құжаттарды сатып алғандар өз денсаулығына ғана емес, айналадағы адамдардың өміріне де қауіп төндіреді. Себебі медициналық құжаттарды іздейтін адамдар, көп жағдайда, қоғамдық тамақтану, білім беру және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар салаларда жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін мектепке дейінгі мекемелерге ауыр сырқаты бар адамдарды жұмысқа алу фактілері де болған.

«Біз бір ғана қылмыстық топты ұстадық. Білуімізше, ондай топтар әлі де бар. Сондықтан жалған медициналық құжаттарды жасау фактілері жайында шұғыл бізге xабар беруді сұраймыз», — деп атап көрсетті Ш.Қабдолла.

Leave A Reply

Your email address will not be published.