Қазақстанның мемлекеттік аппараты болашақта шағын, бірақ тиімді болады — Асқар Жұмағалиев

0 12

Қазақстанның мемлекеттік аппараты болашақта шағын, бірақ тиімді болады. Бұл туралы бүгін Global Challenges Summit 2018 форумы аясындағы сессиялардың бірінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев айтты, — деп хабарлайды  «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда 700-ден астам мемлекеттік қызмет бар. Алдағы уақытта оның 80 пайызын электрондық нұсқаға көшіру жоспарланған. Яғни, бұл қызметтер адами факторсыз ұсынылатын болады.

«Мемлекетке жүгінген азамат белгілі бір анықтаманы қандай да бір мемлекеттік қызметшінің көмегінсіз, сәйкес мәліметтер базасы, ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде ала алады. Бұл тұрғыда бүгінде аталған жұмыстарды жасап жатырмыз. Әрине, алдағы уақытта оның шынайы жұмыс істейтіндігін халыққа көрсететін боламыз», — деді вице-премьер.

Үкімет басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, бүгінде азаматтар мен бизнес өкілдеріне электронды түрде берілетін мемлекеттік қызметтер де бар.

«Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен мемлекеттік органдарды оңтайландыру мәселесіне келе жатырмыз. Біз ықшам болғанымен барынша тиімді әрі сапалы қызметтер ұсынатын мемлекеттік аппаратқа қарай ілгерілеудеміз. Меніңше, бұл мемлекеттік басқаруды цифрландырудың өте маңызды элементі сияқты», — деді Асқар Жұмағалиев.  

Leave A Reply

Your email address will not be published.