Елімізде қатерлі ісікті емдеудің заманауи әдісі алғаш рет қолданылды

0 0

Интраоперациялық фотодинамика операцияның тиімділігін арттырады әрі қатерлі ісікті емдеудің өзге әдістері сияқты жанама әсері жоқ. Президент істері басқармасының медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері алғаш рет интраоперациялық фотодинамикалық терапияны пайдаланды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Бұл терапия өткен ғасырда таралып, қатерлі ісікті емдеудегі ең тиімді хирургиялық емес әдіс ретінде танылған болатын – фотодинамика жасуша деңгейінде қатерлі ісікпен күреседі. Науқас ағзасына арнайы препарат – фотосенсибилизатор енгізіледі, ол қатерлік ісік жасушаларына жинақталып, нәтижесінде жарықтың әсерін ұлғайтады. Сол себепті дәрігер қатерлі ісік жасушалары жинақталған жерге лазер түсіргенде, жарық толқындары жасушаларды жоя бастайды.

«Науқас аналық жыныс безі қатерлі ісігіне шалдығып, дерт бүкіл құрсақ қуысын жайлап кеткен. Оған үшінші рет операция жасап, метастаздарды алған. Операция кезінде ішекті бірнеше рет кесуге тура келді. Одан кейін 6 курс химиотерапия алып, кейін қайта тексеруден өткенде, аурудың шағын екі ошағы анықталған. Консилиум ішектерді біріктіріп, тексеру барысында көзге түскен ошақтарды алып тастау үшін санитарлық операция жүргізуге шешім қабылдады», — деп мәлімет берді аурухананың бас онкологы Насрулла Шаназаров.

Бұл жолы дерттің жаңа ошақтары пайда болмауы үшін, дәрігерлер операциямен қатар фотодинамика әдісін пайдаланбақ болды. Операция кезінде енгізілген препарат зақымдалған тағы басқа жасушаларды көрсетті.

Интраоперациялық фотодинамика операция тиімділігін арттырып қана қоймай, қатерлі ісікті емдеудің өзге әдістері сияқты жанама әсерін тигізбейді. Қазақстанда бұл әдіс алғаш рет қолданылып отыр, әзірше оны Президент істері басқармасының медициналық орталығы ауруханасы ғана қолға алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.