Жедел жәрдем қызметінің өзіне жедел көмек керек болып тұр. Бірнеше айдан бері жалақы төленбепті. Ал, мекеменің қызметкерлеріне қарызы 90 млн теңге. Бір ғана айдың берешегі осыншама қаржыны құрайтынына қарағанда бөлінетін бюджеті көл-көсір екенін білдіреді. Бұл туралы «Zhambylnews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап.
Станса ай сайын өз қызметкерлеріне айлық төлеу үшін 1 жарым млрдтай қаржы жұмсайды екен. Алайда, ақшалы мекеме мамандарын айлықтарын уақытылы алмағаны ашындырған. Дегенмен, басшылық еңбекақыға байланысты арнайы жиналыс жасапты-мыс. Айтуынша, өз қызметкерлерін сабырға шақырып, сабасына түсірген.
Балқыбекова ханым жалақының кешігуіне жедел жәрдем қызметіне енгізілген жаңа ереже себеп болғанын айтып ақталды. Яғни, шақыртулардың 4-ші санаты бойынша атқарылатын жұмысы емханалардың құзырына өткен. Жалпы, «жедел жәрдем» бөліміне түскен алғашқы 1, 2, 3 санаттағы қоңыраулар шұғыл жету жағдайы боп саналады. Ал, 4-ші категория бойынша түскен қоңырауға диспетчер жедел жәрдем тобын жіберуге міндетті емес.
Өйткені, бұл санат бойынша келген қоңыраулар – науқастың созылмалы ауруы болуына байланысты өміріне ешқандай қауіп келмейтінін білдіреді. Яғни, жедел жәрдем орнына емхананың медицина мамандары бір сағаттың ішінде барса болады.
Осылайша, қаңтарда қабылданған бұйрыққа байланысты жұмыс барысында өзгерістер болып, жалақы түспеген. Станса басшысы біздің түсіру тобымызға сәуірдің айлығы енді ғана толық төленіп жатқанын айтты. Яғни, олардың жалақылары да өздері сияқты кешігіп жетті.
Венера Балқыбекова, Жамбыл Облыстық Жедел Медициналық Көмек Стансасының Бас Дәрігері:
— 4-ші санат территория бойынша әр емханаға беріледі. 4-ші санаттың қаржысы емханаларға жедел жәрдем қаржысы есебінен бөлінген. Сол себепті ғана қаржы кішкене кешігіп қалды. Жалқыларын алды. Сәуір айының айлығы мамыр айында төленді. Ешқандай кедергі жоқ қазір. Біз ары қарай реттейміз бәрін.