Жамбыл облысында есірткі бизнесімен айналысатындар қатары азаяр емес. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды Jambyl арнасына сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, аймақта былтырдан бері 10 есірткі өсіру дерегі тіркеліпті. Қылмыскерлер кендір шөбінің үнді сортын егіп, сескенбестен бақшасында өсіріп келген. Тіптен, керек десеңіз оларды күтіп баптайтын арнайы агроном мамандар да болған көрінеді. Былтыр полицейлер осындай 9 деректі анықтап, 6 мың тоннадан астам заңсыз қолдан өсірілген есірткі тәркіледі. Ал, биыл бір оқиға анықталып отыр.
Оған қатысты іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Жалпы былтыр осындай заңсыз әрекетке барғаны үшін 10-нан астам адам жауапқа тартылған. Ұсталғандар өздері тұтыну мақсатында өсіргендігін айтып түсінік береді екен.
Айта кету керек, жалпы өңірде 138 мың гектар алқапта кендір қурай жабайы түрде өседі. Тәртіп сақшыларының айтуынша, аймақта есірткіні заңсыз егумен айналысатындардан гөрі, оны жинайтындар көп.
Асхат Алметов, облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:
— Есірткіге химиялық қоспалар қосады. Сондықтан оның бойы 2 метрге дейін өседі. Жабайы өсімдікке қарағанда уландыру процесі ұзаққа шыдайды. Қылмыстық Кодекстің 300-ші бабына байланысты бірінші тармағына бөлетін болсақ 2 жылға дейін. Екінші тармағынан 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Бүгінгі күнге дейін бір адамға іс қозғалған. Қазір тергеу барысында. 2017 жылы өткен жылы 10 адам тартылып, соттан өткен.