Бүгін Тараз қаласы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағында «Жасыл Ел» еңбек жасақтары жазғы маусымының ашылуы салтанаты өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Мемлекет басшысының бастамасымен жанданған студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары студенттерді жазғы демалыс уақытында маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысып келеді.
Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін студенттік құрылыс жасақтарына алты мыңға жуық жас жұмыспен қамтылып, облыста бой көтерген мектеп, аурухана мен бала бақшалардың және әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысты.
Ал, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ықпалымен 11 мыңнан астам облыс жастары жұмылдырылып, айналаны көгалдандыруға, қала, аудан, ауыл маңдарын, көшелерін тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға атсалысты. Сондай-ақ, жоба аясында жұмыссыз жастарды, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерінен тұратын жастарды маусымдық жұмыспен қамтымақ.
Ағымдағы жылы республикалық трансферт есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл ел» еңбек жасағындағы жастарды уақытша еңбекпен қамтуға 44,2 млн. теңге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 28,7 млн. теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін 1289 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Одан бөлек, биыл жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы 200-ден астам жасты студенттік құрылыс жасақтары сапында Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс, күрделі жөндеу нысандарына жұмысқа тарту жоспарлануда.
Еңбек маусымының қорытындысы бойынша «Үздік жасақ», «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Өнерлі сарбаз», «Спортшы сарбаз» номинациялары бойынша үздіктер марапатталады.